Өлеңдер ✍️
ЖҮРЕК КІЛТІ
Өн бойыңа тәп-тәтті қылық тұнып,
Шырмағансың санама құрық құрып.
Жауап таппай сезімге қиналғанмын,
Жүрегіңде ашылмас құлып тұрып.
Ұнатқанмын сезімді ұлық қылып,
Бос емесін жүректің ұғып тұрып.
Соқтыруға мен үшін тырысқанмын,
Жүректегі басқа ойды ұмыттырып.
Сендей жанды сүйгізіп, ұнаттырып,
Тағдыр маған жіберген сынаттырып.
Бір сәт естен шығармай өзіңді ойлап,
Көз ілмегем талай рет түн аттырып.
Күлкің әсем жатқандай бұлақ ағып,
Неткен сұлу деп ойға сұрақ тағып.
Жастық дәурен қызығы бітер кезде,
Өміріме сен ендің шырақ жағып.
Махаббатқа қайғы-мұң жағаласып,
Қатар келген алғандай уағдаласып.
Мұңлы түндер жатса да таңға ұласып,
Сезім жеңген сеніммен алға басып.
Ерте солса ғашықтың тапқан гүлі,
Болмайды ма, қалғандай шоқтан күлі?
Қайта қонар бақытым маған келіп,
Тек мен үшін жүрегің соққан күні.
Еркін Оралбайұлы 23.11.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇