Өлеңдер ✍️
АДАСПАЙЫҚ
Жіберердей мұсылманды шошындырып,
Біздерде бар кейбір кезде соқыр қылық.
Орыстармен мұзды суға түскен қазақ,
Біле ме екен, жатқандарын шоқындырып?
Көне берер мал емес қой баққанына,
Мəз болады арқасынан қаққанына.
Қай бабамыз мұзды суға шомылыпты,
Қыстың қырау көк аязды ақпанында.
Дегенім жоқ сөзім болсын əсірелі,
Құлы емессің сен орыстың бəсірелі.
Мұзды ойып шомылдыру, орыстардың,
Емес пе еді, шоқындыру расімдері?
Адамдай бір дін жолында қосқаны көп,
Мұсылманмын дейді бірақ шошқаны жеп.
Неге түстің мұзды суға деп сұрасаң,
Сылтау айтар достарымды қоштадым деп.
Жүрміз əлі əрбір істің басын бастап,
Аяқтамай жалығамыз сосын тастап.
Сол орыстың көрмеппін-ау Алла үйіне,
Барғандарын жұма күні досын қоштап.
Ата салтын ұмыт қылдық, мəңгі етпедік,
Егеменді жолымызды мəнді етпедік.
Европаны тітіреткен түркі ұрпағы,
Кеткені ме азып-тозып мəңгүрттеніп.
Еркін Оралбайұлы 17/01/2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇