Өлеңдер ✍️
ӨЗІҢМЕН КЕЗДЕСКЕЛІ
Басқа адаммын өзіңмен кездескелі,
Махаббаттың ұшқыны көзде өскелі.
Қайта ояттың жүректе гүл сезімді,
Ақтарылды өлең боп сөз төстегі.
Көрмейтіндей көзім де өзге ешкімді,
Шын ұнатса көз соқыр, сезбес мінді.
Көңілімді мұң басқан, жан жылайды,
Сені ойлаумен өткізіп төзбес күнді.
Жүректегі көп болған наз өшкелі,
Ұмыт болып көңілден жаз көшкелі.
Сенсіз мына құлазып қу көңілім,
Жүргендей боп өмірден баз кешкелі.
Бұрын маған сендей жан кездеспеді,
Қайта аңсап жастық шақ кезді естегі.
Махаббаттың ақ гүлі жүрегімде,
Жанды қинап мезгілсіз кезде өскені.
Жанға жағып пəк сезім желі ескені,
Баурап алып билеген елес мені.
Уақыт, сезім көңілде тайталасып,
Қос балуан секілді белдескені.
Жаман екен айта алмай кеуде ұрып,
Айды аңсап көктегі жерде тұрып.
Жете алмай жүрсін деп арамызға,
Тағдыр өзі қойғандай перде құрып.
Еркін Оралбайұлы 27.02.2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇