Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  130


Автор: Еркін Оралбайұлы

ЖАРТЫ БАҚЫТ

 


 


Өткенімен кейде бос алтын уақыт,


Сабыр сақтай білгенге арты бақ, құт.


Кейбіреуге бұл тағдыр бақыт сыйлап,


Ал біреуге береді жарты бақыт.


 


Кейде жолың суалып тақыр тартып,


Бақ орнына мойныңа бақыр артып.


Дүние ойлап жалтақтап жүргендерден,


Иманы бар жүректе пақыр артық.


 


Бұл өмірден өтпессің барқыт басып,


Дандайсыма барыңды сарқып, асып.


Шегірткедей той тойлап жүре берме,


Пайда көріп әр тойдан сарқыт тасып.


 


Ду еткізер, бұл тағдыр тартып, осып,


Жібергендей тұздығын артық қосып.


Күш жігер бар, жаспын деп жүре берме,


Ұмытпағын тұрғанын қарттық тосып.


 


Есірме дүниені қор қып шашып,


Тілге ие бол, ауызды қорқып ашып.


Жасаса да қанша айла, құтылмаған,


Бұл ажалдан кезінде Қорқыт қашып.


 


Байлық қуған кісінің басы шартық, 


Дүниеден көңілдің қошы артық.


Байлық, ақша, атағың бəрі уақытша,


Аман болса жақының осы бақыт.


 


Еркін Оралбайұлы  10.04.2018.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу