Өлеңдер ✍️
ТУҒАН КҮНДЕ
Міне келдім қырықтың төртеуіне,
Көне жүріп тағдырдың өртеуіне.
Өлең жолын бір ауыз арнамақпын,
Алла берген ғұмырдың өтеуіне.
Не бітірдім, не көрдім осы жаста,
Кейде болған тағдырдың қошы басқа.
Ащы-тұщы өмірде бірдей болған,
Дəм келтірер бұрыштай қосып асқа.
Кеткенім жоқ өзгеше елден асып,
Менмендікке салынып белден басып.
Тізгіндеуге қолға алып тырысқанмын,
Кейде ашуды жиылып келген тасып.
Теріс қылық болғанды жас та болып,
Тентек ойлар түртпектеп баста толып.
Əрбір қазақ сияқты ауылда өсіп,
Жылқы бақтым жасымда қоста қонып.
Жастық буы бойыма тасып толып,
Көңіл шіркін ақылдан қашып қонып.
Ұйықтамай түнімен көше кезгем,
Барлық жастар сияқты ғашық болып.
Отау құрып, үйленіп жиырма бесте,
Ақыл тоқтап есейіп жиғам есті.
Отбасының сезініп қасиетін,
Таңға жүрер достармен қиғам кешті.
Жаман-жақсы өмірде кезек келіп,
Əр қадамың тұрғандай есептеліп.
Орта жасқа толғанды енді сезіп,
Өткен күнге отырмын есеп беріп.
Есте сақтап өткенді жоғалмасқа,
Ермек менде қалмады одан басқа.
Ақ түскенде түсіндім самайыма,
Қайран жастық кеткенін оралмасқа.
Еркін Оралбайұлы 10/01/2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇