Өлеңдер ✍️
ЗАМАН АҒЫМЫ
Құралған ба бұл өмір сан таластан?
Құр қалардай барлығы жанталасқан.
Қу дүние соңына түскендер бар,
Аш қасқырдай ырылдап анталасқан.
Байлық атты жемістен бақша ашқан,
Ой-санасын тұмшалап ақша басқан.
Садақа, зекет десең шоршып түсер,
Дүние қоңыз не қайыр шақша бастан.
Қу билікке таласып тақымдасқан,
Бір-біріне ақша үшін жақындасқан.
Жағымпаздар билікте өсіп жатыр,
Төмен қалып қазірде ақыл асқан.
Е, Алла, дүние құмар сақта ластан,
Көре алмайтын іші тар бақталастан.
Аулақ қылғын біздерді, жаман əдет,
Билік қуған мансапқор тақталастан.
Ерлер қайда?
Жан қиған сатылмастан,
Арды биік қоятын батыл асқан.
Бұрынғының ерлері ақберендей,
Жауды өлтірер айбармен атылмастан.
Береке бар әр істе мақұлдасқан,
Істер ісін кем болмас ақылдасқан.
Ендігі үміт кейінгі жас ұрпақта,
Деген сөз бар емес пе ақыл жастан.
Еркін Оралбайұлы 13.02.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇