Өлеңдер ✍️
МЕНДЕЙ ҚЫЗДЫҢ
Мендей қыздың көңілінде арай бар,
Арман еткен Арайлымды талайлар.
Барлық адам сыйып кетер өлшеусіз,
Жүрегімде алтын зәулім сарай бар.
Мендей қыздың жаны сұлу білсеңіз,
Сұлуларға құлақ түріп жүрсеңіз.
Айсұлумын, Жансұлу, Күнсұлумын,
Қуанамын, сіз шаттанып күлсеңіз.
Мендей қыздың нұрланатын таңы бар,
Жасыл желек баурап алар жаны бар.
Таңшолпанмын, түнде жарық Жұлдызбын,
Жалт-жұлт еткен маржан сөзді тағынар…
Мендей қыздың ырымдары көп білем,
Қазақ елін көбейсінші деп жүрем.
Ұлжалғаспын, Ұлжан болам, Ұлмекен,
Ұл баладай жалғастырам текті мен.
Мендей қыздың айтатын көп тілегі,
Елін ойлап, қазағым деп жүреді.
Қызжібекпін, Баян сұлу мен болам,
Сұлулыққа толып тұрған жүрегі.
Мендей қыздың әрбір ісін бағалар,
Фаризамын өлеңмен үй сала алар.
Марфуғамын айтыскер қыз Сарамын,
Айтыс жасап той думанды аралар.
Мендей қыздың жүректері алтындай,
Алға жүрер шегіншектеп, тартынбай.
Алтынаймын, Жарқынаймын қараңыз,
Алтындай боп жарқыратар әр күнді-ай!
Мендей қыздың жаны гүлден жаралған,
Раушан, Роза хош иістен нәр алған.
Алмагүлмін, Бибігүлмін, Жұпаркүл,
Алға бастап жетелейтін сан арман…
Мендей қыздың айдай жүзі жайнаған,
Айман, Айжан, Айкөркем боп айналам.
Айданамын, Айдын болам тағы да,
Айгеріммін жүзінен нұр таймаған…
Мендей қыздың ерекше бар күндері,
Дүйсенкүлмін алға жүрем, ілгері.
Сейсенкүлмін, Сәрсенкүл, Бейсенкүлмін,
Жұмакүлмін таусылмайтын біздері…
Мендей қыздың еркелейтін назы бар,
Көктемдей боп өтер жайнап жазы бар.
Еркемін мен Айым болам, Күнімай,
Қазақ қызы дастан болып жазылар…
Мендей қыздың жанарлары қырағы,
Құралаймын Қазақстан тұрағы.
Гүлнарамын, жүзі сұлу Маралмын,
Мақпал мінез, Мөлдір тұнық бұлағы.
Мендей қыздың тағы да бар мергені,
Батыл жүрек, қиындықты жеңгені.
Әлиямын, Мәншүк болам, Сәбира,
Ләззатпын мен биік ұстар еңсені…
Мендей қыздың білсеңіздер бағы бар,
Салтанатпын иманы бар, ары бар.
Айта берсем үстем болар Мерейім,
Айнұр, Нұргүл Ақботаның әні бар…
Осылайша қазақ қызын жинадым,
Толығады әлі де бұл жинағым.
Қазақ қызы биік болсын мәртебең,
Мен өзіңді жамандыққа қимадым.
22.07.2024
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter