Өлеңдер ✍️

  18.02.2025
  1031


Автор: Жібек Ысқақова

ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК БОЛСЫН, СЫЙЛАСТЫҚ!


Өмір деген өте шығар қас қағым,
Ашық етіп, бірде бұлт қып аспанын.
Ынтымақ пен бірлік болсын, сыйластық,
Жаздай жайнап тұрсын десең жас жаның…
Ашу дұшпан, өкпе, реніш бәрі де,
Кері әсерін тигізеді сәніңе.
Зіл батпандай тасты арқалап жүрерсің,
Көңіл толмай тіршіліктің бәріне…
Дөрекілік, ұрыс, жанжал таласу,
Бір-біріңе бергеніңді санасу.
Жеткізбейді биік таудың шыңына,
Жағымпаз боп, мақтауменен жанасу.
Жасап жатыр табиғатым дүрбелең,
Ойлай қалсам біртүрлі боп, күйге енем.
Бүгін бармыз, ертең жоқпыз, сондықтан,
Қалатыны сыйластық деп түйген ем!
Ендеше біз сезінейік рахатын,
Шүкір айтып әрбір таңға ататын.
Ризалықпен бірге өмір сүрейік,
Сөздер айтпай жанымызға бататын!
Ынтымақ пен бірлігіміз жарасып,
Сыйласайық, күйімізге қарасып.
Бас қосайық адал достық, ниетпен,
Кездескенде татулықпен тарасып…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу