28.01.2024
  171


Автор: Софы Сматаев

Шанадан үш тармақ айырды әкелді...

Шанадан үш тармақ айырды әкелді. Рельстің астына тіреп итере бастап еді. Қарағай сабы қақ бөлінді. Айырдың басын бір жаққа, сабын екінші жаққа лақтырып жіберді. Ыза боп ернін тістелеп шпалға отыра кетті. Шалқалап жатып рельсті теуіп-теуіп қалды.


Үскірік буып тұр. Қолғабын шешіп бетін, маңдайын, мұрнын уқалады. Бұрылып шанаға қарады. Иесін шақырды ма, шұбар оқыранды. Құбаш жымың етіп тез тұрып, жүгіре басып атқа келді. Делбені ұстады. Тер сіңіп әбден сіңірленген өрме қайыс делбе шымыр екен.


Шұбарды жалма-жан доғарды. Жетектеп әкеліп қайыс делбені рельстің тесігінен өткізіп, тас қып байлады. Екі ұшын қамытқа тақты.


— Әйт шу, жануар-а-р!


Ышқынып айқайлады. Ашынып айқайлады.


Шұбар төрт табандап мықшыңдай тартты.


— Жарадың шұбар!


Қос рельстің ұштары бір-бірімен қиюласты. Құбаш етпеттей жата қалып рельстің екі жағынан қысатын екі қапсырманы жанталаса итерді.


— Бір болтты өткізіп, гайкасын бұрай алсам!


Ентіккен шұбар тәлтіректеп шегініп кетті. Рельс кейін серіпті.


— Қап!..


Аяз тіпті қатайды. Қысқа күн тұңғиық түнге ауысты. Қараңғылық ұйыды. Құбаш ұйқылы-ояу бір халде қыбырсыз жүрелеп отыр.


— Сәл дамылдайын.


Денесі ауырлап, сүйек-сүйекке суық өтті. Көз жұмыла бастады. Кірпіктер айқасып барады. Әлдеқайдан толқындап жетіп ұйқы буды.


Шұбар оқыс кісінеді. Дауыс естілгенде Құбаш селк етіп, омырауға сүңгіп кеткен басын көтерді. Қалшылдаған иегі тісін-тісіне тигізбейді.


— Сәрсен хабар береді. Жол жөндеушілер келіп қалар. — Станция жаққа үміт сызы кілкіген жүзбен үңіліп ұзақ қарады. Бірақ қанша сүзілсе де, қараңғыдан қараң еткен белгі білінген жоқ.


Ат тағы пысқырды. Адамға қыбырлап жан кірді. Қолымен жер таянып, бөксесін оздырып орнынан әрең тұрды. Бишікті суылдата үйірді.


— Айт шүу, жануар!


Қайыс делбе қатты бұраған домбыраның ішегіндей сыңғырлағанда, рельс қайта қиюласты.


Жанталасқан жалаңаш саусақтар темір болтты тесікке әрең өткізді. Гайка екі дөңгелеп бұралды. Гайкаға қызыл қан жұқты.


— Уһ!


Рельсті кеудесімен құшып, ауыр тыныстады. Қолын созып жіберіп алақанымен қарды көсіп алып, арандай ашылған аузына тығып жіберді.


Кілтті қайта ұстады. Бұрандалы кілт орнықпай жиі тайқи береді. Бірақ болт бірте-бірте тартылып, накладкаларды қиюластыра жапсырып барады.


Түн ортасы болды. Жұмыс сәтімен бітті. Құбаш бүкіл дөңгелек бетімен жымиды.


Шұбарды рельстен босатып, шанадан әкеліп алдына бір құшақ шөп салды.


Осы кезде бұрылыстан прожекторларын жарқыратып поезд көрінді. Машинист ат пен адамның тұсынан өте беріп, будкадан кеудесін лықсыта шығарып Құбашқа өзеурей айқайлады:


— Не қып тұрсың? Есің дұрыс па? Ақымақ-ау, тезірек үйіңе жетсеңші, айдалада үсіп өлесің ғой, деп қолын сермеп қойып, бұрқыратып будақ-будақ бумен атқылап, арқыратып гудок берді.


Жолаушы вагонының терезелерінен әйнекке тұмсықтарын жапсыра тірелген әуесқой жүздер көрінеді. Саусақтарын шошайтып әлденеге мәз болады.


Құбаш шұбарды шанаға жекті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу