28.01.2024
  152


Автор: Софы Сматаев

Бұлт басқан кешкі даланың қою ірімтік көлеңкесі темір жолдың төс табанының түбіне ұйлығыпты...

Бұлт басқан кешкі даланың қою ірімтік көлеңкесі темір жолдың төс табанының түбіне ұйлығыпты. Қатарласа жарысқан қос рельстің бір тіні үзіліп қалып, екі қоспаның арасы алшақтанып ырсиып тұр. Әлдекім әдейі бұзып кеткен тәрізді.


Қауқита көк шөп тиеген екі ат-шана темір жолдан арқан бойы жерде тоқтап қалыпты. Рельс пен шаналардың арасында дәл ортада Сәрсен мен Құбаш айтысып жатыр. Шырылдаған Сәрсен домбыққан бетін өршелене уқалап-уқалап қояды.


— Жо-жоқ, бір минут та кідірмеймін. Мен қайтам. Бәлесінен аулақ. Әрі-беріден соң анау рельсті бұзған үшбионы ма, зиянкесі ме тасадан бізді тырс еткізуі мүмкін. Аңдып отырған пәлелер ешкімді де аямайды.


Құбаш жауап қатқан жоқ.


— Әй, неге үндемейсің? Апырау мылқау болсаң да, саңырау емессің ғой енді, ымдасаң да бірдеңе десеңші. Үсідік қой, Аймаңдай.


— Жолды жөндеу керек.


— Атаңның басына жөндей қоярсың. Екеуден екеу айдалада не бітіреміз? Кім бұзса, сол жөндесін, біздің жұмысымыз қанша? Біз шөп тасысақ басқасына пысқырмаймыз. Әркімнің өз міндеті өзіне. Қайтасың ба өзің? Әй, Аймаңдай! Үсіп өлеміз! Қатып қаламыз!


Сәрсен шап беріп жағаға жармасты. Сілкіп-сілкіп қалды. Екі саусағы жоқ мұқыл қолдың тегеуріні мықты, Құбашты селкілдетіп барады.


— Мен қайтам. Қайтам, Аймаңдай! Қарап жүріп босқа өлер жайым жоқ.


Құбаш жағасындағы Сәрсеннің қолын қағып жіберіп, үнсіз бұрылды да, адымдап шөп тиеген шанасына барды. Сауыт-сайманын салатын кішірек қобдишадан жеңіл балға, шапашот, бұрандалы кілтін алды.


Сәрсен әлі де болса сөзін өткізбек боп жанталасып едіреңдей жақындады.


— Не істейін деп жүрсің? Өзіңнің есің дұрыс па? Осындай қызыл шұнақ аязда жұмыс істей ме кісі? Онан да тез барып, стансаға хабарлайық.


Құбаш жауап қатпастан темір жолдың төс табанына өрмеледі. Сәрсен артынан ілесті.


— Мен қайтамын.


Құбаш иығын қиқаң еткізді.


— Әй, құдай сені де адам ғып жаратқан соң не жорық. Ақылыңды алмайды. Айтқаныңа түсінбейді бұл Аймаңдай. Апыр-ау, сенің осы араға қыстырылатын нең бар? Тіпті сен екеуміз көрмеген-ақ болайық осы құрып кеткір рельсін. Бізден кім сұрайды?


Будақ-будақ бу шыққан бойда сіреу боп омырауға қатып жатыр. Будақ-будақ бу үскірік боп бет қариды.


Жауап ала алмаған соң титығы құрыған Сәрсен қолын сілтеп кете берді. Айналып қайта оралды. Даусында ашу да бар, жалыну да бар:


— Өлсең өзің-ақ ол, мен қатын-баламды жетім-жесір қалдырғым келмейді. Әй, Аймаңдай, жүр! Керек десең, стансаға өзім-ақ хабарлай салайын.


— Алыс...


— Алыс болса қайтеді?


Құбаш күңк етті:


— Оған дейін бұл арадан поезд өтсе...


— Өтсе өте берсін. Сенің нең құриды? Екі туып бір қалғаның жоқ ол поезда.


Құбаш серігіне алара қарады да, басын шайқады. Содан кейін отыра қалып қолымен жерді сипады. Еңбектеп маңайды тінтіп жүр.


— Таптым!


Сәрсенге алтын тапқандай ұсынып болтты, гайкаларды көрсетті.


— Ақымақ! Мәз болмасқа мәз болуын. Бітірерсің жаман қатты. Маған десең үсіп өл! Арам қат! Мен сен сияқты ақымақ емеспін. Кеттім!


Сәрсен аяңдап атына барды. Арқаннан тартып шананың үстіне шығып, делбені қағып қалды. Темір табан шыңғырғандай сықыр етті де, таусылмас ұзақ әнімен сарнай жөнелді. Кетіп барады. Ұзап барады.


Құбаш әлі де болса дәмеленіп соңынан қарап тұр. Бұлдырап алыстады.


Сәрсен қалтасынан нанын алып, ашқарақтана асады:


— Бағана Аймаңдайдың нанын бөліп жегенім мұндай жақсы болар ма, қалсын енді ішегі шұрқырап.


Құбаш қойнына қол салды. Орамалдың арасында қалған нан қиқымын алақанына төгіп аузына ытқытты. Сілекейімен тамағын құрғатты. Тамсанды. Содан кейін орамалды тұмшалай бетіне орап алды.


Бұрылып Сәрсенге қарады. Шана көз ұшында жыбырлайды. Қолын ызалана бір сілікті.


Отыра қалып шатқаяқтанған екі рельстің шетін екі қолымен күшене тартып біріне-бірін тақамақ болды.


Қатты аязда шеңбірек атып шертіп тұрған темірге ен істесін, босқа діңкесі құрыды.


— Сүймен болар ма еді!


Қытымыр аяз бұрынғысынан да күшейіп кетті. Қолғабын шешіп тастап қышырланып мұрнын үйкеледі. Уысына қар толтырып бетін уқалады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу