Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  50


Автор: Жібек Ысқақова

ҚАРТ АНАНЫҢ ҰЛЫНА ЖАЗҒАН ХАТЫ:

Жүрмісің ұлым,сен үйден жырақ,
Үйдегі жайды білмейсің бірақ.
Қарашаңырақ қаңырап бос тұр,
Ішінде жүрмін сүрініп, құлап...
Қалаға кеттің қарамай артқа,
Тамыры солып, қурады бақ та.
Гүлді етер бақты ұрпағым сен ең,
Барасың сен де айналып жатқа.
Қалада жүрсің ақшаға батып,
Арыңды сол қу, ақшаға сатып.
Бұл ақша сені жүрексіз етер,
Ақшаны көрсең жаныңнан артық.
Ақшада тіл жоқ, сөйлесе алмас,
Ақшада үн жоқ, тілдесе алмас.
Бұл ақша сені Анаңдай болып,
Мейірімімен құшаққа алмас.
Ақшада жан жоқ, келеді, кетер,
Бұл уақыт тұрмас, сырғиды, өтер.
Осылай жүрсең ақшаны пұлдап,
Бір күні сенің түбіңе жетер.
* * *
Үйге қайт ұлым, кеш болмай тұрғанда,
Ағайын, туыс достарың бұл маңда...
Үйленіп үй бол, бағыңды жайнатып,
Оралып үйге мен тірі тұрғанда...
Бұл сөзім шындық, ойланып қарағын,
Күтумен сені талуда жанарым.
Анаңның хаты соңғы рет жіберген,
Оралшы үйге, кеш болмай қарағым...
 * * *
Осылай жылауда қаншама Аналар,
Ұл-қыздар көп болсын Анасын бағалар.
Қайғыдан қан жұтқан Аналар ауырып,
Кешігіп қалмайық сан соғып, адамдар!


Ауырып қалмасын Ананың жүрегі,
Ойлайтын әрқашан, баласын үнемі.
Ананың кемесі тым алыс кетпесін,
Үзіліп үміті, жоқ болып күдері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу