Өлеңдер ✍️
СОЛ ЖЫЛЫ ТУҒАН ҚЫЗ ЕДІМ
Желтоқсанның сеземіз әлі ызғарын,
Қан жуылған, тайғақтаған мұздарын.
Елі үшін жан алысып, беріскен,
Намысы асқақ ұлдары мен қыздарын.
Ұлтан етпек болған ар мен ұжданды,
Жүректерде орны толмас сыз қалды.
Саясаты сол кездегі биліктің,
Қарсы қойды намысты ұл мен қыздарды.
Жанды жейді сол бір қанды белестер,
Жанды ауыртып сол бір қанды егестер…
Желтоқсанның ызғары мен мұздары,
Жанарларда мұңын шағып елестер.
Қайсарлықпен шықпаса сол жастарым,
Азаттықтың көрер ме едік ақ таңын?!
Сонда алаңға жастар бірге шықпаса,
Білер ме едік еркіндіктің шақтарын?!
Не көрмедің, түнерген бұлт, қара аспан?
Қазақ үшін мұңын шағып, жанасқан.
Сездің бе сен, өзіңде биік тұрар деп,
Көк байрағым күлім қағып жарасқан.
Азаттыққа арпалысқан майдан бұл,
Кеткендейін сұрапылды айдан нұр.
Желтоқсаншы жастарымның арқасы,
Қазағыма құшақ ашып жайған күн.
Желтоқсанның ызғары бар жүректе,
Айналдырған айналаны түнекке.
Қыршын кеткен боздақтары қазақтың,
Қалар мәңгі естен кетпей, жүректе.
Қайғырумен мұңға толар жүрегім,
Бас иейік құрбандарға біз елім.
Боздақтардың жан айғайын сезінер,
Желтоқсанда, сол жылы туған қыз едім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇