Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  255


Автор: Жібек Ысқақова

ӨЛЕҢІМ БАРДА

Мен қазақтың қызымын, Жібегімін,
Жүрегімнен шығатын тілек үнім.
Ана тілден нәр алып қанаттанған,
Өлең сөздің жанашыр, тірегімін.
Мен өмірді сүйемін, өмір қымбат,
Ей өмірім, қуанышпен маған тіл қат.
Алтының да, байлығың ештеме емес,
Көңіл қымбат мен үшін сенім қымбат.
Бұл өлеңім бағалы сыр сандығым,
Қуанышым тербеліп, шаттық үнім.
Өлеңімнен өзіме қуат алып,
Қарсы аламын қасқая өмір сынын.
Өкінбеймін мұң айтып өткеніме,
Шүкір Алла бұл күнге жеткеніме.
Мен тірімін, өлмеймін өлең барда,
Қол созамын, талпынам көкте күнге.
 Құласам да тұрамын сенім берік,
Жыласам да күлемін бәрін жеңіп.
Адалдықтан танбаймын ешқашанда,
Жақсылардың соңынан мен де еріп...
Жаным қазақ, намысым мәңгі өлмейді,
Халқым десем кеудемді ән тербейді.
Әрбір қазақ жалғызым, қанымыз бір,
Қазағыма ешбір ұлт тең келмейді..
Сөйле, сөйле, қызыл тіл жалындашы,
Іштен тынып, өзеуреп тарылмашы.
«Қазақ» деген ұлы атты мақтаныш қып,
Сөздерімді қылыштай қабылдашы!
Мен қазақпын,
Жаным да, қаным қазақ,
Арым қазақ, барым да, бағым қазақ.
Жасай берші, жасай бер Қазақ елі,
Бейбіт күнде, мәңгілік болып азат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу