Өлеңдер ✍️

  19.01.2024
  130


Автор: Жібек Ысқақова

АДАМ БОЛЫП ҚАЛАЙЫҚШЫ, АДАМДАР!

Бір адам бар, әр сөзі жан тербейді,
Мейрімдікпен, жылы сөзбен емдейді.
Адалдықтың жолын ұстап қашанда,
Жамандықтың құрсауына көнбейді.
Бір адам бар түнереді бұлттайын,
Жайпап жүрер айналасын жұттайын.
Жегідей жеп, іштей сорар ол адам,
Жақсы болып көрінгенмен сырттайын.
Бір адам бар мінезімен тоң қылар,
Әрбір сөзі ызғарлы боп тоңдырар.
Бүршік атып келе жатқан буынды,
Қаһарымен бір-ақ демде солдырар...
Бір адам бар, көктемдейін құлпырған,
Мейірімді сөздерімен үн қылған.
Күн нұрындай жылу беріп баршаға,
Айналасын хош иісті гүл қылған...
Бір адам бар жаздай етер күнін тек,
Жадырайтын, жүретін тек күлімдеп
Күлкісімен баурап барлық адамды,
Жақсы сөзін арнап жүрер «күнім» деп.
Бір адам бар салқын самал күз бағы,
Бірде жылы, бірде суық ызғары
Бір нәрсеге ашуланса ерімес
Қабағына қатып қалған мұздары...
Бір адам бар өтірікті теретін,
Өсек десе жанын салып беретін.
Өсек сөзден рахаттанар жандар көп,
Біреулердің сөздеріне еретін.
Бір адам бар әркез мақтау сүйетін,
Мақтау айтсаң бар жақсысын үйетін.
Олар үшін мақтау тұрар бірінші,
Мақтауменен көңілді өмір сүретін...
Бір адам бар өзін «текті» деп жүрер,
Адамдармен жұғымы жоқ, шет жүрер.
Өз әлемін құрып алып өзінше,
Әрбір ісін «дұрыс бәрі» деп білер...
Бір адам бар үлкенге жоқ құрметі,
Ініге де бола қоймас ізеті.
Сәл нәрсеге жүрер әркез санасып,
Өткендей боп ұлан-асыр қызметі.
Бір адам бар қиялданып жүретін,
Қиялымен шаттанатын, күлетін.
Ауызбенен барлық ісін бітіріп,
Құлағыңа қиял сөзін ілетін...
Бір адам бар сыйлайтын бар адамды,
«Ақ, қара» деп бөлмейтін еш араны.
Олар үшін атақ, данқың сөз емес.
Сәлем берер көрсе де жас баланы...
Мінездері сан қилы көп адам бар,
Әр нәрсені өздерінше бағамдар.
Айтарым тек, мына бес күн жалғанда,
Адам болып қалайықшы, адамдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу