Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  92


Автор: Серікбай Оспанов

Күндер – менің тағдырым

Ырысым деп қарсы аламын жаңбырын,


Тынысым деп қарсы аламын таң нұрын,


Ақ ниет деп қарсы аламын ақ қарын,


Үміт болып келіп жатыр әр күнім.


 


Күндер – уақыт,


Күндер – ғұмыр, бұл анық,


Ай боп, жыл боп өтіп жатыр құралып.


Өз үкімін орындайды бір күні


Ол есебін еш қатесіз шығарып.


 


Ата-бабам – қариялар кешегі


Күн өтті деп жылайды екен деседі.


Бір күн кейде мақсатыңа жеткізіп,


Бір күн кейде тағдырыңды шешеді.


 


Күндер – бақыт,


Сенің де бар үлесің,


Күндер – жарқын өмір үшін күресің,


Күндер – шаттық,


Жаңа байлық, жаңа үлес,


Аламын деп, жетемін деп жүресің.


 


Келіп жатыр, кетіп жатыр дамылсыз,


Бір минут та күтпейді ол, сабырсыз.


Бір күндерім алаулатып кетеді,


Бір күндерім өтіп жатыр жалынсыз.


 


Бір күндерім маңдайға бақ қондырып,


Бір күндерім қалтыратып, тоңдырып,


Бір күндерім өкіндіріп өткенмен,


Мен оларға қарсы келем жол жүріп.


 


Ырысым деп қарсы аламын жаңбырын,


Тынысым деп қарсы аламын  таң нұрын,


Ақ ниет деп қарсы аламын ақ қарын,


Үміт болып өтіп жатыр әр күнім.


Күндер – гүлдер,


Күндер – менің тағдырым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу