Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  176


Автор: Серікбай Оспанов

Айтамын өзің жайлы топқа сырды...

Айтамын өзің жайлы топқа сырды,


Жүдеткен жоқпын, апа, от басыңды.


Сипалап  топырағын қабіріңнің,


Жиі кеп сүртіп қайтам көк тасыңды.


 


Ұмыта алмайды екем сені мүлде,


Басылды-ау сауық құмар желігім де.


Ақ жарқын мінезіңді айтып күнде,


Өзіңе еліктеп жүр келінің де.


 


Жан апа, төменде емес, келем өрде.


Мұңайып қостым жалғыз сені өлеңге.


Көшеде жаулық тартқан әйел көрсе,


Сен бе деп жүгіреді немерең де.


 


Жеткеннен жетпегенім көп қой әлі,


Ел сөзі төзіміме от қояды.


Мүсіркеп көрген жерде көршілер де,


«Жақсы адам еді-ау апаң», – деп қояды.


 


Балаңды кеттің, апа, сен мұңайтып,


Біреулер жұбатады елдік айтып.


Көзіме ие бола алмай жүрмін


Ойласам оралмасыңды енді қайтып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу