Өлеңдер ✍️

  02.10.2022
  108


Автор: Мыңбай Рәш

“Адасқанның алды жөн...”

Ашу – қанжар
Жүректі ойрандамай,
Тұра тұршы,
Қу музам қайрандамай.
Қысылғанда
Қол ұшын береді ылғи,
Бас ақыны елімнің –
Қайран Абай.
Шырмауыққа
Шабытым шырматылып,
Күңгірт тартса көңілім
Мұңға тұнып.
Алып шығар
Өлең сөз пайғамбары,
Жүрегімді
Жырына мың батырып.
Артым-күйкі,
Бүгінім – мынау шикі,
Ертеңіме қарасам –
Бұлдыр сиқы.
Не боп шықты
Табынған революциям,
Империяны құлатқан
Ұйқы-тұйқы?...
Айтшы ағайын,
Не күйде «большевигім?»
Партия ше,
Еді ғой ең сенерім...
Ал, өзің ше,
Бүгінде кіммін осы?
Төрт әріпке
Табынған бөлшек едім.
Асылдардан айырылып,
Мәңгі жоқтап,
Өткеніме отырмын бүгін тоқтап.
Аттың басын
Тірермін қай тұсқа мен?
«Адасқанның алды жөн, арты-соқпақ»...
Империя бұғауын лақытырып,
Өткеніммен көрістім
Жылап тұрып,
Кінәліні архивтен тауып алып,
Тарихышыға жатырмын сынаттырып.
Аңырадым...ақталған арыстарды
Кеш білдім де
Тапталған намысты, арды,
Абылай ата келемін даңғылымен
Жақын етіп жат ел мен ғарыштарды.
Айдай әлем таныған –
Қазақстан!
Наурыз тойын тойлайды бар дауыстан!
Көк аспандай
Туым бар желбіреген,
Абай атты ақыным бар данышпан




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу