Қазақ тілі | КӨМЕКШІ СӨЗДЕР

Сөз таптары жөніндегі мәселені бағдарлау әр тілдің құрылымының, әрі сөздің құрылымының теориялық та, практикалық та мәселелерін терең зерттеу, жете білу үшін керек. Сөздің морфологиялық құрылымы жайындағы ілім тек сөздің құрамын талдаумен ғана тынбайды, оның бүкіл грамматикалық жүйесін, әр тобына тән сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жүйелерін де зерттейді[1,126].
Тіліміздегі сөздер лексика-грамматикалық сипаттарына қарай үнемі біркелкі болып келе бермейді. Олар өз ішінде белгілі заңдылықтарға негізделген бірнеше жіктерге бөлініп, соған орай ыңғайласып, топтасып жатады. Сөздерді топтастыруда үш өлшем негізге алынғанымен де, олар барлық сөздердің бойынан бірдей дәрежеде байқалынбайды. Мәселен, үш белгі атауыш сөздерде анық көрінсе, еліктеуіш сөздер мен есімдікте, одағай мен шылауда ортақ морфологиялық белгісі жоқ, сондықтан оларды тек мағынасы мен синтаксистік қызметіне қарай топтауға болады.
Қазақ тіліндегі сөздер семаниткалық және морфологиялық белгілеріне қарай атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп аталатын үш топқа бөлінеді.
Атауыш сөз деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналары бар, соған лайық, өзді-өздерінің дыбыстық құрамдары мен екпіндері бар дербес сөздерді айтамыз. Атаушы сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғандықтан, адамның қатынас құралына негізгі арқау я таяныш есебінде қызмет етеді де, өзге сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке дара тұрыпта керегінше қолдана береді. Олар тілдің грамматикалық заңына лайық түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, сөйлемге өз алдына мүше бола алады және олардан тілдегі қалыптасқан тәсілдер бойынша басқа да туынды атаушы сөздер жасала береді[2,39].
көмекші сөз деп дербес лексикалық мағыналары я солғындаған, я мүлдем жоғалған жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші сөздердің кейбіреулері (шылаулар) дыбыстық жағынан тұрақсыз болады да, әдетте өз алдына екпіні болмайды. Дербес мағыналары болмайтындықтан, көмекші сөздер тек атаушы сөздермен тіркесіп жұмсалады және соған орай сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды немесе күрделі мүшенің құрамына енеді немесе сөйлемдердің я сөз тіркестерінің дербес мүшелерінің араларын байланыстыратын дәнекер есебінде қызмет етеді. Көмекші сөздерден туынды жаңа сөздер жасалмайды[2,40].
Одағай сөздер деп адамның әр қилы сезім күйімен байланысты айтылатын сөздерді айтамыз. Өздерінің шығу ерекшеліктеріне қарай одағайлардың өзге сөздермен, мысалы, атаушы сөздермен де, көмекші сөздермен де семантикалық байланыс қатынасы болмайды және сол себептен, сөйлемнің мүшесі болмайды. Бірақ олар бүтіндей сөйлемнің орнына балама есебінде жүре береді. ....
Курстық жұмыстар
Толық