Ш.Айтматов «Боранды бекет» романы. Қазақ әдебиеті, 10 сынып, дидактикалық материал. 4 сабақ.


 Қазақ әдебиетінің жай-күйінен, хал-ахуалынан хабар беретін әдеби сынымыздың қай деңгейде екені көпшілікті алаңдатады. Тәуелсіздік жылдары бұл жанрдың аяқ-алысы ақсап қалғаны жасырын емес.

 «Жазушы не үшін керек?» деген сұрақтың өзі төтесінен қойылып жүрген заманда, әдеби сынның критерийлерін анықтау туралы сұраныстың болуы – заңдылық. Жасыратыны жоқ, біздің сын деп жазылған шығармаларымыздың өзі көп жағдайда сынға ұшырып қала береді. Осыған орай, кезінде Әбіш Кекілбаев «Сын неге сынала береді?» деген мақала да жазған болатын.

 Әдеби сын қай бағытта жазылу керек, оған қойылатын уақыттың талабы қандай, - деген сауалдың өзі әртүрлі пікірді бір-біріне қарама-қарсы қоя алады. Егер әдеби сынды көркем шығарманы талдап, түсіндіру деп қарастырсақ, онда оның ауқымын тарылтып алатын едік. Шығарманы тәпсірлеп, талқыға салу процесі қазақ әдебиетінде қазір де жүріп жатыр. Бірақ, кәсіби сыншы үшін бұл аздық етеді. Қарапайым оқырман көре білетін дүниенің тоңын теріс айналдырып, әдеби сын жазу – ешкімге пайда әкелмейді.

 Қазақ әдебиеті теориясының негізін қалаушылардың бірі Зейнолла Қабдолов орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский туралы: «В.Г.Белинский көркем әдебиет пен өнердің шыншылдық, халықтық қасиетін, қоғамдық прогрессивтік маңызын ту ғып көтерді; «ғасырдың ұлы мақсаттарына» қызмет етуін, адамды құлдық бұғаудан босатар, күрес пен бостандыққа шақырар азаттық күш болуын талап етті. Міне, сондықтан да ұлы ойшылдың орасан күрделі де іргелі творчестволық ісі тек әдеби-мәдени ғана емес, сонымен қатар, тарихи мәні зор қоғамдық – саяси құбылыс болып табылады» - дейді. Бұл Белинскийге ғана емес, жалпы сыншыға қойылатын басты талаптардың бірі деп қабылдадық.

 Жанын жегідей жеп, көркем шығарма жазған қаламгерге қандай сын айтылса да оңай тимесі анық. Оның үстіне ол сын әділетсіз болса, қаламгерде психологиялық қысым пайда болады. Әдеби клан, топ-топ болып бірінің сөзін бірі сөйлеу сияқты процеске әдеби сынның да тікелей әсері болуы мүмкін.

 Сонымен, ханның да, қараның да бетін бір бағытқа бұратын әдеби сынның талап-шарты қандай болу керек? Оның жауабын жазушы, сыншы Қажығали Мұханбетқалиұлының осыдан біраз жыл бұрын жазылған шығармасынан тапқандай болдық. Нысанаға дөп тиетін пікірдің ескірмейтінін ескере отырып, жазушының рұқсатымен оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

 Қажығали Мұханбетқалиұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

 

 Егер мен сыншы болсам...

 «Әдетте, сыншы таланты – сирек талант... деп жүрміз» - делініпті анкетада. Сыншы таланты ғана сирек емес, жалпы талант атаулы сирек; сондықтан бұл тұжырымыды сәл өзгертіп: «кез келеген саладағы талант атаулы сирек болатыны секілді, сыншы таланты да сирек болады», - десек, дұрыстыққа біртабан жақын келеді ғой деп ойлаймыз.

 Әдебиет сыншылары жайлы осындай пікірлердің бір парасы: «сыншыға талант, әдебиетті терең білу, әділдік керек» дегенге саяды. «Талант», «өз обьектісін терең білу» деген – тек сыншыға ғана қажет қасиеттер емес. Өзі пікір айтушы болса, өзі әділетсіз болса – оның несі сыншы? Тіпті қарапайым адамның қарапайым ұғымы бойынша да: сейіс, - аттың сыншысы, біреудің үмітті жүйрігін есек деп бағаласа немесе әдейі ме, әлде білместіктен бе, біреудің тұғырын тұлпар деп тұрса, бәйгеге қосып кеп алғанда бәрі керісінше боп шықса, ондай адамды сыншы деуге бола ма?! Бұдан кейін де оның пікірін бірдеңе білетін кісінің пікірі деп құлақ қоюға бола ма?

 Осы жерден келіп сыншы атаулының немесе кез келген қиын мәселеге төрелік берушінің адамдық та, азаматтық та келбеті айқындалуға тиіс. Азаматтығы жетпеген адамның әу бастан-ақ сынның аулынан алыс қонғаны абзал.

 Сыншы қасиеттерінің ішінен алдыңғы орынға оның азаматтығын қойғанда, біз оның қоғамдық озық ойлы адам екендігін де, белсенді тұлға екендігін де, күрескерлік қасиетін де, адалдық – әділдігін де ескертуге тиіспіз. Әрине, менің бұл ойымда тым асыра сілтеу, максимализм бар секілді көрінуі мүмкін; бірақ рухани дүниелерімізге деген көзқарасымызда осы керек-ақ секілді.

 Енді бір сәт: «Әдебиетімізде сын да, сыншы да жоқ екен делік. Не өзгерер еді?» - Сырттай қарағанда, түк те өзгермес еді. Әсіресе, әдебиет үшін түк өзгермегендей болар еді. Өйткені сынсыз да, сыншысыз да жұрт өлеңін шығарған, сыншысыз да эпикалық дастандар туған; сынсыз-ақ ірі туындылар туа да береді. Бірақ бұған қарап, әдебиетке сынның қажеті не дей аламыз ба?! Бұл жерде сәл шегініс жасауға тура келеді...

 Сын дегеніміздің өзі не, әуелі? Біздіңше, сын – ең алдымен, белгілі бір құбылыс туралы қоғамдық ой – пікір. Басқаларды былай қойғанда, сыншылардың өздері сынның осы бір миссиясын ұзақ уақыт бойы әрі – сәрі ұғынып, бастарын тауға да, тасқа да, ұрып келді. Содан келіп, біресе: «сын – оқырман мен жазушы арасындағы дәнекер» делінді; енді бірде: «оқырманның (яки творчестволық индивидтің) эстетикалық талғамын тәрбиелеуші» делінді; тіпті сын – әдебиеттің үздік шығармаларын насихаттаушы, түсіндіруші ретінде ғана ұғынылған кездері де жоқ емес. Осылай төмендеп – төмендеп келіп, тағы бірде сынды әдебиетке баға беруші – төбе би дәрежесіне апарып қойған сәттер де болды. Мұның қай – қайсысында да шындықтың ұштығы жоқ емес болғанмен, жеке – дара алғанда бәрі де тиянақсыз пікірлер болып шықты.

 Сын – әдебиеттің үздік шығармаларын насихаттаушы, түсіндіруші дегендерге ыза болып: - «Критики обьясняют» Что же они обьясняют? Художник, если он настоящий художник, передал в своем произведении другим людям то чуство, которое он пережил; что же тут обьяснять?.. Критиками всегда были люди, менее других способные заражаться искусством. Большею частью это люди, бойко пишущие образованные, умные, но с совершенно извращенною или с атрофированною способностью заражаться искусством» - дейді Л.Н.Толстой. («О литературе», Худ.лит. М. – 1955. 413-б.).

 Сынды – әдебиетке баға беруші деп ұғатындарға: Если в критике видеть оценку – будет бессмыслица... Суждение о достоинствах есть только аксессуар, возбуждение к удовольствию писать критику», - дейді тағы.

 Мұның бәрі неден туындаған? Біздіңше, ең алдымен, сын айтушылардың пікірі де, сынның ауқымы да белгілі бір шығарма төңірегінен шыға алмағандықтан туған. Сын, егер ол шын мәніндегі әдеби – көркем сын болса, шығарма туралы ғана болмау керек, бұның үстіне, сол шығарманың тууына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайлар туралы болуы керек. Көркем шығарманы түсіндірудің қажеті жоқ, сол шығармада айтылған ойлардың әлеуметтік астарына мән беру керек. Сонда ғана сын белгілі бір әдеби құбылыс туралы қоғамдық ой қорытады. Сонда ғана сын өзінің жанр ретінде неге дүниеге келгенін, не үшін қажеттігін дәлелдейді. Бұлай болмаған жағдайда, әдебиетте сын да, сыншы да жоқ секілді көрінеді. Және олардың жоқтығынан ештеңе өзгермеген сияқты да болады.

 Шындығында, адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бері оның қасіреті мен қуанышын, шаттығы мен мұның бейнелеген поэзия қатар өмір сүріп келеді. Бірақ сол поэзия күні кешеге дейін (Аристотельдің «Поэтикасы» дүниеге келгенге дейін) де сыншысыз – ақ өмір сүріп келді емес пе? Иә, өмір сүріп келді. Бірақ Адам ата, Хауа ана заманынан Аристотельге дейінгі аралықтағы ықылым замандар бойғы поэзияның дамуына қараңыз да, тарих үшін қас қағымдай ғана уақыт – Аристотельден бергі дәуірдегі поэзияның даму қарқынына қараңыз. Сонда сын да, сыншы да жоқ кездегі даму мен әдебиетке әйтеуір бір қоғамдық көзқарас пайда болғаннан кейінгі дамудың айырмасын көрер едіңіз; адам қоғамындағы сананың қаншалықты жедел ілгерілегенінің куәсі болар едіңіз.

 Сондықтан сын болмаса, қоғамдық ой тоқырап қалар еді деп ойлаймын.

 Әдебиетке қоғамдық пікірдің қажеттілігі бұрынғы қай кездегіден де болса, біздің заманымызда аса айқын білініп отыр. Өйткені жақсылық пен жамандық, зәбір мен зауал, мейірімділік пен қатігездік, адалдық пен арамдық тек ғана жеке адамдарға қатысты болмай қалды. Мұндай жағдайда, әрбір қоғамдық құрылыс өзінің даму жолындағы кесел – кедергілермен күреспей, өзінің өміршең жақтарын қолдап – көтермелемей отыра алмайды. Кесел – кедергілерімен күресетін, өзінің өмір – шеңдігін дәлелдейтін құрал не? Ол – идеология қаруы, сол қарудың ең қуаттысы – әдебиеті, өнері. Қоғам өзінің қолындағы қуатты қаруы әдебиетке немқұрайды қарай алмайды; әрқашан оған өзінің қатысын, пікірін білдірмей тұра алмайды.

 Осыдан бір – екі жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Сын туралы сын» деген айдармен тұтас бет берілгенде, «Сынның сіздің творчествоңызға тигізген әсері бар ма?» деген сауалға көптеген қаламгерлер бас шайқап жауап берсе, мұның себебін сол авторлардың сын туралы түсінік – пікірлерінің нашарлығынан, яки саяздығынан деп ұқпау керек, біздің әдеби сынымыз әлі де болса жекелеген көркемдік компоненттердің жетістік – кемшілігі төңірегінен шыға алмай, әлеуметтік талдауға толық бет бұра алмай отыр деп түсіну керек. Неге біз өткен ғасырдағы орыстың ұлы сыншыларына ден қоя береміз? Өйткені олардың қай – қайсысы да жекелеген шығармаларды ғана (мейлі, олар үздік шығармалар – ақ бола қойсын!) талдап қойған жоқ, шығарманы талдау бізде де бар, - олар сол шығармаларды талдай отырып, сол кітаптардағы көтерілген мәселелердің әлеуметтік астарына, қоғамдық мәніне үңілді; сол шығармалардағы жаңа рухты – қоғамды өзгергіштік идеяны ашып дәлелдеп, өздері де сол замандағы қоғамдық ойдың биігіне көтеріле білді.

 «Егер мен сыншы болсам...»

 «Егер сіз сыншы болсаңыз...» - қандай проблемаларды талдауға назар аудару керек дегенде, осы әлеуметтік талдауға (шығарма – қоғамға және қоғам мүшесі оқырманға не береді?!) деген мәселеге көңіл бөлу керек. Және бұл талдау ұлттық әдебиет аясында ғана қалып қоймай, одақтық, әлемдік әдебиет тәжірибесіне сабақтастырыла қарастырылса құба-құп болар еді. Сынның көркем творчествоға ықпал етер ұрымтал тұсы біздіңше, осы секілді көрінеді.

 Бағлан Оразалы

 https://adebiportal.kz/kz/news/view/19337

 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?
Пікір жазу