Әлем жаңалықтары. Қазақ тілі, 10 сынып, дидактикалық материал.


Мәдениет – рухани әлеует көрсеткіші

 Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысында мәдениет саласының жай-күйі талқыланды. Осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасап, қазіргі кездегі мәдениет саласы дамуының белестерін саралап берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз басында осы салаға Елбасының әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанына тоқталып, соңғы 3 жылдың көлемінде отандық мәдениеттің нормативтік-құқықтық базасы айтарлықтай жетілдірілгенін атап өтті. «Өткен жылдың басында «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңның аясында министрлік әрбірі отандық кинематография, музей және кітапхана істері саласындағы мәселелерді реттейтін 13 нормативтік-құқықтық актіні әзірледі. Қазіргі таңда олардың 11-і қабылданып та үлгерді. Тұтастай алғанда, саланы дамыту үшін барлығы 70-тен астам нормативтік-құқықтық актілер дайындалып, бекітілді» деген министр соңғы жеті жыл аясында «Мәдени мұра» бірегей стратегиялық жобасы табыспен іске асырылып келе жатқанына тоқталды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге қазақ халқының тарихына, этнографиясына, өнеріне қатысты 5 мыңнан астам айрықша құнды мұрағат құжаттары қайтарылды. Осы кезең ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Олардың барлығы ғылымға мыңнан артық артефакттар берді. Тарихымыз бен мәдениетімізде аса маңызды орны бар 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілді. Бұл нысандардың басым бөлігі ұлттық брендке айналды. Екі ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы тізіміне енді», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.Министр тарихи-мәдени мұра нысандары туралы сөз қозғай отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында министрліктің алғаш рет еліміздегі ескерткіштерді толыққанды түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізгенін атап өтті. Қазір елімізде тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітіліп, оған 218 республикалық, 11 277 жергілікті маңыздағы ескерткіштер еніп отыр.Елімізде мәдени мұраларымыздың инфрақұрылымы да кеңеюде. Мәселен, 2008 жылдан бері екі мемлекеттік мұражай – Алматы облысындағы «Есік» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» тарихи-мәдени қорықтары ашылды. Мәдениет министрлігі мемлекеттік тіл мен өзге тілдерді де даму аясында бір мезет назардан тыс қалдырған емес. М. Құл-Мұхаммед осы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сарапшылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып, жуырда Елбасы бекіткен Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленгенін тілге тиек етті. Министрдің айтуынша, мәдениет саласындағы жұмыстың келесі аса бір маңызды бөлігі – ұлттық киноөндірісті одан әрі дамыту болып отыр. «Мен қазақ киносының дәл бұлай өркендеуі тәуелсіздік жылдарында ғана емес, тіпті «Қазақфильмнің» құрылғалы бергі уақыттарда да болмағанын нық сеніммен айта аламын. Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналған 20 деректі фильмнің, Мемлекет басшысы мен еліміздің танымал қайраткерлерінің қызметі мен өмірі туралы 20 деректі фильмнің түсірілімі аяқталып, қараша айында «Қазақ елі» атты 20 сериялы анимациялық фильмнің тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар студияда «Қазақфильмде» өндірілген барлық фильмдердің сандық кітапханасы жасалуда», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұдан бөлек, М.Құл-Мұхаммед тәуелсіздік жылдарында 17 театр ашылғанын және Елбасының тапсырмасымен Астанада 1250 орындық Классикалық опера және балет театрының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай өтетін мерекелік шаралардың бір парасына тоқталған министр жақында Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен үздік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Менің Қазақстаным!» мерейтойлық пойызының туры бастау алатындығын айтты.Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жиынды қорытындылап, мәдениет саласының даму бағытына көңілі толатынын айтты. Әр қоғамның рухани әлеуетін дамытатын мәдениет саласын қаржыландыру ісіне тиісті мемлекеттік органдар бюджеттік комиссия отырыстарында дұрыс назар аудару керектігіне мән беріп, нақты тапсырмалар берді.

С.Тайғарин



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
Пікір жазу