Субмәдениет. Қазақ тілі, 10 сынып, қосымша материал. 2 нұсқа.
Қосымша материал
Жастардың арасындағы Батыс субмәдениеті және оның Қазақстанға ықпалы
Бүгінгі күні Батыстан келген субмәдениеттер дүниежүзіне тараған. Аталған топтарға әсіресе, жасөспірімдер, студенттер қатарының қызығушылығы басым. Мұндай мәдениеттің көріністері Қазақстан жастарының арасында да кездеседі. Бірақ алдымен «субмәдениет» сөзінің мағынасын ашып көрейік.
Ғылымда «субмәдениет» термині латын тілінің «sub – төменгі», неміс тілінің «kultur– мәдениет» деген ұғымнан шыққанын түсіндіреді. Мұндай топтар қоғамдағы қандай да бір саяси оқиғаларға, әлеуметтік қозғалыстарға байланысты пайда болады.
АҚШ зерттеушілерінің пайымдауынша, «субмәдениет» ұғымы адамдардың әсіресе жастардың белгілі бір салаға еліктеушілігінің (фанатизм), табынушылығының немесе күйзеліске түскенде ермек қылған хоббиінің салдарынан пайда болған. Мұндай бейресми топтан тұратын субмәдениеттердің өкілдері өздерін «ерекше адамдармыз» деп қоғамнан оқшаулағанды қалайды. Олардың өмірдегі ұстанымдары, киім үлгілері, түсініктері, араласатын ортасы қарапайым қала тұрғындарынан әлдеқайда өзгеше болады.
Субмәдениеттің пайда болу тарихы сонау 1950 жылдардан бастау алады. Алғашында жастар арасындағы жаңа киім үлгілерінің, жаңа би түрлерінің, «стиль» деген ұғымның пайда болуынан басталды.
Батысқа еліктеушіліктің алғашқы қадамдары – Батыс музыкасына: джаз, рокен-ролл жанрларына деген қызығушылықтардан көрініс тапты. Екінші толқын, 60-80 жылдар аралығы. Бұл кезең, жастардың батысқа руһани қызығушылығының пайда болуы, классикалық үлгідегі музыкаға еліктеу, фанат болу, «интернационалдық» түсінігіне деген қызығушылықтың артуынан басталды. Бұл кезең Батыстың рухани құндылықтарға әсер ету кезеңі болды. Есірткі, алкогольді ішімдік, марихуаннаға деген қызығушылық белең алды. Ал 1970-1986 жылдары кеңестік қоғам нағыз еліктеу кезеңіне бет бұрды.
«Металлистер», «хиппилер», «эмошылар» және т.б. қоғамдық топтар пайда болды. Дүниежүзілік субмәдениетке жататын ерекше топтардың қысқаша тарихына тоқталсақ.
ХХ ғ. 30-жылдары Америка Құрама Штаттарында пайда болған топ – байкерлер болды. Олар мотоциклмен жүретін топтар. Олар өздерін «Түн періштелері», «Түнгі қасқырлар» деген лақап аттармен атайды. Киім үлгілері роккерлер стиліне өте ұқсас. Түнгі клубтарды шарлап, кең трассаларда мотоциклмен жүргеннен рақаттанады. Денелерінде татумен жазылған түрлі бейнелер болады.
Алғашында мұндай бейресми топтардың пайда болуына қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайлар қатты әсер еткен. Әсіресе әлеуметтік тұрмыс жағдайы нашар немесе ауқатты отбасыларының балалары қызығушылық танытқан. Ресейдің саясаттанушы ғалымдары мен психолог мамандары жастардың бейресми топтарға еліктеп, еруіне алдымен отбасындағы және қоғамдағы әлеуметтік факторлар негіз болады деп топшылайды [5].
Субмәдениетке жататын арнайы топтардың тағы бір түрі – готика – ХХ ғ. 70-жылдары панктермен қатар пайда болған топ. Олар панктерге өте ұқсас тек киімдері қара түсті болып келіп, металдан жасалған бұйымдарды таққанға әуестенді. Олар қоғамда өз жақтаушыларын айналасына көптеп жинады. Олардың ерекшелігі – киім үлгілері болып, ол жастардың қызығушылығын туғызды. Готикалардың киім үлгілерінде: египеттік, христиандық, кельттік сегізжұлдызды белгілер болады. Олар қара түсті киімдер киіп, тырнақтары мен шаштарын да қара түске бояп,ал бет-әлпеттерін аппақ гриммен бояуды өздерінің имидждеріне айналдырды [4].
Күнделікті қоғам өмірінен, әлеуметтік қалыпты құбылыстардан түңілген, саяси оқиғаларға наразы, «болашақ жоқ» деген көзқарасты ұстанушы адамдардан құралған, анархистер – панк субмәдениеті. Олар өмірден қажыған, зарыққан, болашаққа деген сенімдерін жоғалтқан топтар. Алғаш ХХ ғ. 70-жылдары Англияда болған экономикалық дағдарыс кезінде пайда болды. Панктердің шаш үлгілері де ерекше болды. Олар төбе шаштарын ұзын қылып тігінен қатырып қояды. Лас, жыртық киімдерді кигенді ұнатады. Мінез-құлықтары өте есерсоқ, қоғамда өздерін ерекше көрсеткілері келіп, әртүрлі оқиғаларға тез ілігетін жанжалшыл топ. Панктер Кеңес Одағына 1979 жылдары жетті. Алғаш панктерге еліктеген рок-музыканттар қатарында музыкант Андрей Панов пен әнші Виктор Цой болды [3].
Кейінгі жылдары Қазақстан жастарының арасында да белең алған «эмошылар». Эмо «эмоционалды» деген терминнен алынған. Эмоционалды музыка тыңдағанды ұнататын топ. Қазіргі күнде музыканың бұл түрі: эмокор, эмо-рок, кибер-эмо, панк-эмо, эмо-вайоленс, скримо, френч-эмокор хардкор-сан-диего және т.б. болып бөлінеді. Эмошы жастар тек эмоционалды музыка тыңдауға ғана әуес емес. Олар өмірдегі барлық оқиғаларға эмоционалды тұрғыда қарайды. Сонымен қатар, эмошылар қайғылы өлең оқығанды қнатады. Олардың киім үлгілері қара түс пен күлгін түстің үйлесімділігінен тұрады [5]. Еліміздің де қала көшелерінен жоғары мектеп оқушылары, студенттері арасында күлгін-қара түсті киінген, көздерін қою қараға бояп алған қыз балаларды да кездестіріп қаламыз. Міне мұндай топтар біздің елдегі «эмошылар».
Арнайы топтарға бірікпейтін, индивидуалды түрде компьютер қолданушы программистер қатарына жататын – хакерлер де субмәдениет түріне жатады. Хакерлердің мақсаты – бөтен сайттарды бұзып кіру, вирус енгізу болып табылады. Алғаш хакерлер 1988 жылы электронды әлемге шықты. Хакерлердің арасында шпионаждықпен де айналысатын топтар бар. Бұл топқа әсіресе, математика пәнінің үздік маманы, компьютерді жақсы меңгеретін топ өкілдері бейім болады [7].
Яппилер – белсенді қызмет ететін жастардан тұратын жеке дара адамдар қатары. Жоғары жалақысы бар, киім үлгілері де ресми, фитнес орталықтарына барып тұратын топ өкілдері. Олар жетістікке ұмтылатындар қатарына жатады [6].
Спорт әлеміндегі субмәдениет өкілдерін де атап өтуге болады. Еркіндікті қалайтын топ экстремалдылар деп аталады. Экстремалды спорт түрімен шұғылданатын топтар. ХХ ғ. 50-жылдары пайда болған: скейтбординг, сноубординг, парашютпен ұшу, құзға шығу спорты және т.б. спорт түрлерімен шұғылданғаннан ләззат алатын топ өкілдері [8].
Паркур – бұл экстремалды трюктардан тұратын спорт түрі, субмәдениет түріне жатады. Бірақ паркуршылардың өздері бұл мәдениетті спорттан гөрі ұстаным деп түсінеді. Астарында терең философия бар деп есептейді. Паркур – француз тіліндегі ат спорты деген тіркеске ұқсас «кедергілерге төтеп беру» деген ұғымды білдіреді. Паркур мәдениетінің қалыптастырушысы француздық Давид Белль [9].
Батыс субмәдениеті дүниежүзі жастарына ықпал етіп қана қоймай қолданысқа жаңа термин сөздерінің пайда болуына септігін тигізді. Бүгінгі күндегі: роллерлер, графитилер, брэйкдэнс және т.б. жастар арасындағы жаңа сөздер субмәдениеттердің насихатталуына себепші болып отыр. Мәселен, роллерлер – роликті коньки тебуді ұнататын топ өкілдері. Олардың спорт үлгісіндегі киімдері ашық түсті болып, конькилері ерекше нақышта көзге түседі. Жастар арасындағы роликті конькиге деген қызығушылық 1990 жылы пайда болды [10].
Граффити – итальяндық «сызылған» деген сөзден шыққан. Алғаш 1960 жылы көше мәдениетінің бір саласы болып АҚШ-та пайда болды. Үлкен кеңістікке белгілі бір сызулар, суреттер, бейнелер салумен айналысатын топ. Олар ішкі толғанысын, ішкі сезімін бейнелей отырып, қоғамға әсер ете аламыз деген түсінікте. Сондықтан, метроларға, үй қабырғаларына, асфальтты жерге маркер, арнайы туштар арқылы түрлі суреттерді салады. Оларды көше суретшілері: райтерлер, граффиттер, графферлер деп атайды. Бұл топтың өкілдері бұл өнер арқылы түрлі тақырыптарды объект ретінде алады. Ол өлең жолдары, саяси үндеулер, философиялық астары бар эпигрофтар болуы мүмкін [11].
Жоғарыда аталған субмәдениеттер дүниежүзі жастарына тән. Кез келген топтың өзіндік белгілері бар. Қоғамда сол белгілері арқылы ерекшеленеді. Олардың өзгешеліктері айналасындағы адамдарға қарағанда айқын байқалады.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазіргі күні Ресейдегі мұндай топтардың көрсеткіші 80 пайызды құрап отыр. Осындай топтардан өз-өздерін жоғалтып алкоголь, есірткі, марихуанаға әуестенген жастардың қатары – 14-30 жас аралығындағылар саны 9 пайызға жеткен [13].
Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Тесленко Қазақстандағы жастар арасындағы субмәдениетке деген қызығушылыққа зерттеу жүргізген. Өзінің ғаламтордағы жеке сайтына жариялаған сұхбатында Қазақстан жастарының ондай топтарға деген қызығушылықтың төмен екендігін айтады. Себебі біздің ментальдық ерекшелігіміздің, тәрбиеміздің, салт-дәстүрді ұстанатындығымызға байланысты қазақ жастарының арасындағы еліктеушілік экономикалық, не саяси емес, мәдени тұрғыда жүзеге асатындығын айтқан. Қазақстан жастарына «субмәдениет» ұғымы таныс болғанымен оған түбегейлі бетбұрыс жоқ деген пікірде.
Әдебиеттер
Арнарский М.А. Прикладная культурология / М.А. Арнарский. – СПб.: С.-Петерб.гос.унт культуры и искусства, 1999. – 530 с.
Губин В. Философская антропология / В. Губин, Е. Некрасова.– М., СПб.: ПЕР СЭ; Университетская книга, – 240 с.
Гуревич П.С. Культурология / П.С. Гуревич. – М.: Гардарики, 2003. –336 с.
Ерасов Б.О. Социальная культурология / Б.О. Ерасов. – М.: Аспект пресс, 1990. – 591 с.
Татарова Г.Г. Основы типологического анализа в социологических исследованиях. – М.: Издательский Дом «Высшее образование и Наука», 2007. – 216 с.
Левикова С.И. Молодежные субкультуры. – М.: ФАИР-ПРЕСС, 2004. – 96 с.
Цветущая сложность: Разнообразие картин мира и художественных предпочтений субкультур и этносов / под ред. П.Ю. Черносвитова. – СПб.: Алетейя, 2004. – 123 с.
История субкультуры хиппи // «Железо», «Хакер». – 24.04.2013 г. http://hazzen.com/publications/articles/istorija_sub-
Растаманы // Панки. – 26.11.2010 г. http://jahrastafari.ru/
Форум о международной карьере, бизнес-образовании и профессиональном росте // Первый неформальный панкпортал. 2015 г. http://www.punkzone.org/.
Экстремальный спорт // Все об экстремальных видах спорта. – 13.10.2014 г. http://www.x-sport.info/.
Трейсер // Ру – первый паркур-блог в сети, независимый проект о паркуре в Санкт-Петербурге, России и мире. – 28.06.2013 г. http://traceur.ru/.
Роллер спорта // Федерация роллер-спорта. 28.11.2013 г. http://www.rollersport.ru/
Граффити // Portal №1. 04.2015 г. www.montanacolors.ru/. Современные молодежные течения // Rin.ru. – 12.07.2012 г. https://www.google.kz/search?rls=org.mozilla:ru:official&channel=np&q=[http:%2F%2Fplanetashkol.ru%2Farticles%2F19017%2F].&ei=DiU-VbvGBcX5ywOdoYHIDQ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» Freedom bank-те керемет акция! 1000 ₸ кэшбек сыйлайды
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды