Түлектер мектебіне оралады


Ұя сап жүректерге,
Қарайлап өткеніне.
Оралар түлектер де
Қайтадан мектебіне.

Армандар қаланды нық,
Көрінді ізі көкте.
Кешегі балаң жігіт
Жауапты қызметте.

Жас емес олар қызба,
Істері сүйікті елге.
Кешегі балаң қыз да
Ту тіккен биіктерге.

Алаң еді ертеңіне,
Жүзге нұр жиылып тұр.
Міне, еткен еңбегіне
Әз-ұя сүйініп тұр.

Жаңалық біліседі,
Досқа үміт артады анық.
Дуылдап, күліседі,
Бір-бірін ортаға алып.

Ере алды көшке, міне,
Ұстазды ұмытпағын.
Түсірер естеріне
Шәкірттік қылықтарын.

Сүйсініп жұрт айта алар,
Білерсіз қоштағанын.
Қайтадан шырқайды олар
Баяғы достар әнін.


Ғабиден Қожахмет


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:

Қарап көріңіз:

Пікір жазу

Келесі мақала жүктелуде...