Тәуелсіздік


Тәуелсіздік

Туғызып ұлы арманның ұлы күнін,
Дегендей әр қазақтың бүгіні – Күн,
Келіп еді мойындатып күллі әлемге
Текті елдің тағы да бір ұлылығын.

Туды деп жұрт іздеген аңсарлы күн,
Жүректің күмбірлетіп күйсандығын,
Жеткен еді танытқандай жер бетіне
Өр ұлттың тағы да бір қайсарлығын.

Сездіріп баба арманның өсиетін,
Сөздері бар дегендей бас иетін,
Туған - ды бүгініне ұқтырғалы
Кешегі ұлы ерліктер қасиетін.

Күні деп енді көшке ілескеннің,
Сол күні жүректерден жыр ескен күн.
Сабақ берді маңызын айтып ұрпағына
Ұлт үшін болған сансыз күрестердің.

Жетті деп енді еркіндік сүйінді Күн,
Тартқандай Дала шалқып күйін бүгін,
Сездіріп келді Азаттық қазағына
Жетудің бостандыққа қиындығын.

Бұл жолда талай үміт торыққанын,
Сан рет қайсар мінез танытқанын,
Баяндап, күллі әлемге ұғындырды
Жаһанда осындай бір халық барын.

Ілес деп келді елдердің өркеніне,
Сендіріп әр қазақты ертеңіне,
Заманын кешегімен салыстырсаң,
Бүгінін айналдырып ертегіге.

Ұран боп сосын қыз бен бүгін ұлға,
Тоғысып алуан мүдде бір ұғымға,
Сөйтті де бекем тұрып орнап қалды
Өзінің қасиетті тұғырында.

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы
Іздеп көріңіз:
0 0

Добавить комментарий