Туған жер және Отан туралы өлеңдер


Отан деген не? «Отан» деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни, әрі азаматтық борышы. Отан тақырыбына қалам тербегендер көп. Осыған орай, Отан туралы жазылған 10 өлең ұсынады.

Отанды сүй

Балқытып бақыт ұйып елге, жерге,
Жасарған мен Жамбылмын елмен бірге.
Келді дос, сүйсіндірді көңілім хош,
Махаббат, қою достық қалың елде.
Сүйкімді үн, әсем әнім, терең күйім,
Еңезем — ыстық жүрек көңіл, мыйым,
Отанға, ел жүрегі Сталинге
Тартатын дем біткенше менің сыйым.
Жасарған Жамбылда бар жалғыз тірек,
Құлпырған шаттық шалқып, өмір үдеп.
Тірегім: большевиктер елге ұйтқы,
Өмірге өріс берген жалғыз жүрек.
Сол жүрек ел достығы берік бірлік,
Бірліксіз болмақ еді қандай тірлік,
Әлемдік адал адам бақыт үшін
Жығылмас ырысты ту сол өмірлік.
Мен ғасырдың айғағы жүзге келдім,
Ел бірлігін, бақыты іздеп едім,
Айды аялап, күн құштым, нұр жамылдым
Кездесіп жетпіс үште іздегенім.
Ұрпағым іздеп келген бақытты жас,
Кімде-кім бірлік бұзса халыққа қас,
Бірліктің берік туы тек коммунист,
Өсиетім сол үшін құшағыңды аш!
Өсиетім: шындықты, адалды сүй,
Ардақтаған халықты, адамды сүй.
Елдің тіккен іргесін игілікке
Тап бүгінгі бахытты заманды сүй.
Отан сүй, Отан сүйген көсемді сүй,
Соған айт әдемі жыр, сүйкімді күй.
Тілек тіле ел сүйген Сталинге
Дос еткен бар халықты етіп бір үй.

Отан әмірі

Тұнжыраған күн туды,
Жау қолқаға ұмтылды;
Топыраққа теңемек
Ата мекен жұртыңды.
Аянатын не қалды?
Аяулыны жау алды!
Жеріміздің сәулеті
Кавказға да таянды.
Кубань, Кавказ, Дон, Еділ
Ежелден құт еді бұл —
Ел ырысы аяулы.
Есерсоқ жау елірген,
Енбекпенен егілген
Тартып алмақ даярды.
Хатер бұлты төнгенде,
Ел намысы, дегенде,
Ерлер қашан аянды!
Жеме-жемге келгенде,
Жауды қысып шеңгелге,
Жанын сығып аларды!
Қарыс жерің — қаныңдай,
Темір жолың тамырдай;
Заводтар мен фабриктер —
Жеріміздің жанындай;
Еңбекпенен көгерген
Құтты қоныс көкорай —
Еліміздің бағындай;
Ата, баба мұрасы —
Көздің қара, ағындай!
Соларды жау шапқанда
Лауламас кім жалындай?!
Жау бір сүйем жер алса
Есін жыймақ күшеймек,
Ол кішкене бел алса,
Осалдамақ біздің шеп...
Ойласаңдар осыны,
Шегінетін жөн бар ма?
Жауға қыяр ол ғұрлы —
Жарты сүйем жер бар ма?
Шегінгенің — өлгенің,
Ерлер енді соны ойла! —
Елді жауға бергенің:
Өлген артық одан да!
Уа, ұлы өрен, жас ұлан.
Асыраған сені елің
Ақ сүтімен жасыңнан.
Еш асырған жоқ едің
Жаудың кегін басыңнан.
Сол ер жүрек өренін
Ерлікке Отан шақырған,
—Адал ұлдар, балалар,
Көз жіберіп қараңдар,
Неміс алған жерлерде
Қалды қандай қалалар!
Шырылдаған бала бар,
Еңіреген ана бар:
Еңсесін жау басқан соң,
Елде қандай баға бар!
Солар еске түскенде,
Жан қалай жай таба алар?
Сай сүйегің сырқырар,
Кеудеңде кек бұрқырар!
Олай болса, құлақ сал,
Ұлдарым бір сөзім бар:
Аянбаған, жауды алар!
Аяғанмен мұндайда,
Дей көрмеңдер жан қалар!
Қорқақ адам қор болар;
Көлеңкеден қорғалар,
Құрдай бұғып жорғалар,
Көрінгенге жем болар,
Көзден жасы сорғалар.
Жұртқа жәрдем берер ме
Қыйын күнде ондайлар?
Жарқын өмір сүрер ме
Қорқақ қоян, торғайлар?
Сондықтан, ер ұлдарым,
Тынысыңның барында,
Төрт мүшенің сауында,
Қолда дәрмен тұрғанда,
Шыдап өлім, құрбанға,
Қатайып тас, темірдей,
Қарыс жерге шегінбей,
Қас дұшпанды қаптаңдар
Донның жойқын селіндей.
Қатарың болса құрыштай,
Қаһарың болса қылыштай
Жау қалмайды жеңілмей.
Шегінбе! — деп Отан тұр,
Шегінбе! — деп халық тұр,
Халық үшін бас тігу —
Сталин айтқан жарлық бұл
Соны адал ұл орындар,
Сонда ғана өмір бар!
Елін есен сақтаған,
Арын жауға сатпаған,
Ана сүтін ақтаған
Балаларын сүйер шал!
Жамбыл Жабаев


Шекарада

Міне,
Мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық.
Өтуде түн, өтуде күн.
Қасиетті жерімді қарауылдап,
Қайыспай күзетуге бекінгемін.
Мен,
Міне, Отанымның шетіндемін.
Маған жер жоқ, Отан жоқ әрі қарай,
Әрі қарай мекен жоқ жаныма жәй.
Осы жерден шығады күнім менің,
Осы жерден атады таңым арай.
Осы жерден Отаным басталады,
Бақытымның осында тас қамалы.
Әрі қарай басқа өмір, басқа тірлік,
Әрі қарай мен үшін тас қараңғы.
Әрі қарай басқа өмір, басқа тірлік,
(Қайтейін оның үшін бас қатырып).
Осы менің Отаным, бақытым да,
Табаныма жүрсем де тас батырып.
Керек емес басқа өмір, басқа тірлік!
Менің жаным жаралған шұғыладан,
Шұғылаға шомылып, тыным алам.
Ұжмағының басқаның керегі жоқ,
Ұлы Отанның жетеді нұры маған.
От ойнатып, ойран сап бұзып қамал,
Басқаның байлығына қызықпағам.
Міне, алдымда бақытқа бастар жолым –
Шекара деп аталған сызық маған.
...Міне,
Мен Отанымның шетіндемін.
Тыныштық
Өтуде күн, өтуде түн.
Қашанда Отанымның кақпасы ашық,
Жіберсеңдер достықтың өкілдерін.

Отан туралы

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста :
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Мұқағали Мақатаев


Қабылда, Отан

Туған елім,
Өз Отаным, астанам,
Талай биік жеңістерге бастаған,
Қазақстан рапорт етті, қабыл ал,
Рапортында миллиондаған астық бар,
Қазақ жері қырман толы қайысқан.
Сол астықты көтере алмай майысқан,
Бір миллиард Отанға арнап жөнелтті,
Байыды елі, шаруаларын кенелтті.
Туған елім!
Компартиям, астанам!
Сенсің мені жеңістерге бастаған.
Сенсін маған достық берген, қол берген,
Қазақ елі құлпырсын деп жол берген.
Сен шақырдың, ұл, қыздарың тізілді,
Ғасыр бойы жатқан тыңдар бұзылды.
Қала болды, егін болды, көл болды,
Ұшан-теңіз байлығы да мол болды.
Қабылда, Отан,
Алтын бидай дәндерін,
Ел сәлемін, елдің сұлу әндерін.
Сыйға тартты оттай ыстық жүрекпен,
Қымбат дәндер алтын менен жібектен.
Бұл миллиардты махаббаты елімнің,
Бірге оралған әр дәнімен егіннің.
Барлық ұлттар достығының айғағы
Гүл жайнаған Қазақстан аймағы.

Жұмағали Саин


Отанды сүй

Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды.
Қалдырмай байтақ елдің сай-қырларын,
Тарасын май айында майда ырғағым.
Шөптерің шөпілдесіп, бұл ырғаққа
Билесін бұлақтарың, айдындарың.
Қарасам, қазынаның табам түрін,
Күнбағыс — табақ-табақ сары алтының.
Әр тасың жай тас емес, гауһар маған,
Жақсы әтір — жалбызың мен қалампырың.
Жоқ дегем сүюімде демалыс түк,
Бағынар сағынышқа бар алыстық.
Сүйкімді құмың, шыңың, шыңырауың,
Бар бедер, бар дидарың маған ыстық!
Бар ма екен кәусарыңды қанып ішкен,
Айтамын іңкәрліктің әнін іштен.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен.
Өзіңнің келбетіңнен күнді көрем,
Мен үшін өзеніңнің сыңғыры — өлең.
Көкте емес, көкірегімде көшеді әсем
Бұлттарың үлбіреген, үлбіреген.
Үп еткен еркін самал лебің — өлең,
Өңімде, түсімде де сені көрем.
Гүлдерің, жұлдыздарың — жүрегімде,
Біргесің меніменен, меніменен!

(Күләш Ахметова)


Отан

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!
(Несіпбек Айтұлы)


Аңсау

Таң атқанда ойнап жатса Әнұран,
Мен кішкентай Отанымды сағынам.
Туған елдің босағасы, жігіттер,
Артық екен ханның алтын тағынан.

Артық екен Сайқаны да, Ебісі,
Берекеге бөгіп жатқан ел іші.
Аман ба өзі ақ сақалды абыздар,
Аман бе екен тентегі мен телісі?!

Күніне ойға оралатын мың рет,
Орнында ма Алакөлім – құдірет?!
Жүрегімді сезім-күйге толтырып,
Өн-бойыма тарататын жылы леп.

Сол жылы леп күш дарытар адамға,
Сол жылы леп ғашық етті ғаламға.
Қашан көрсем, көңіл төрін ұсынған,
Аңсай күтер ағаларым аман ба?

Артық-кем де, өзің біл не десең де,
Алакөлмен өсемін мен өшем де.
Маған арнап сыбағасын сақтаған,
Апа, әпке, жеңгелерім есен бе?

Қалпында ма тауым, көлім, беткейім,
Аңсадым-ау, қалай жасты төкпейін...
Дәл қасында жүрген кезде білмедім,
Қадіріңді түсіндім-ау көп кейін!

(Ахмет Кендірбекұлы)


Отан

Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің –тірегім,
Құшағында гүл атам.
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады