Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  119


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ЖАЛҒЫЗДЫҚ-І

Көлеңкелер қошқылданып, қорқынышқа ұласқан
күдікті ымырт уысынан
бұлт суырып тұр Аспан.
Дүниенің өзіне-өзі жұмбақтығын ұққызып,
жүрегіңнің түкпірінде Ой балқиды қып-қызыл...
Білесің бе,
Сен таңдаған жолдың бәрі – көне тым.
Көбі соның өксік болып, өз ішіңе енеді.
Кеше ақшаның қызылына айырбастап сезімді,
досың кетті...
Өзгесінен өз еркіңмен безіндің.
Ал, сүйіктің жат біреуге кестелемек орамал...
Жадында оның – тозаң басқан портретің ғана бар.
Зарлы көңіл – қайтқан қаздың көмейіндей сұп-суық.
Заһарлатып, күте берме маңдайыңның жіпсуін.
Пиғылыңа пысқырмайды пысық елдің баласы.
Мақтауда олар – тым ескішіл,
даттауда – тым жаңашыл!
Сен солардан биігірек отырмақшы боласың,
Беттің ісі емес бірақ орындыққа таласу.
Жарты әлемде жабайылық бей-берекет қозғалып,
тойлай берер, қой құлағын жегеніне мәз халық.
Үкілердің қанатындай үрей үні кеулеген үміттерің
ғана қалды,
салар талай әуреге!
Тыңда, міне, зират жақта қараңғылық құрсағы
қасқыр болып ұлып жатыр, қара Тауға мұң шағып.
Түнеріңкі Түзге қарап, мөңірейді сиырлар...
Бұл да – тірі Түннің бірі, пешенеңе бұйырған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу