Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  158


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Ағарған шашты боярсың....

Ағарған шашты боярсың,
Əжiмiн беттiң жоярсың.
Айналып соқпас уақыттың
Алғанын қайда қоярсың?!
Ала тау басын бұлт алар,
Аңсатқан шөлiң бiр қанар.
Шашылған жүгiң жиналып,
Ашылған көрпең қымталар.
Бақ қонар... Болар ондай күн,
Көңiлiңде қалмас тоңдай мұң.
Сауысқаннан артық қай жерiң,
Жемiне қонсаң торғайдың.
Жалшы деп ұқпа жарлыны,
Ақылсыз деме арлыны.
Аз күндiк қана алданыш –
Дүниеде бардың барлығы.
Көз құрты – түлкi, қыран жас,
Жұмарлап бүктеп, құмар бас.
Тояттап тұрсың. Ертең ше?..
Оны ешкiм болжап бiле алмас.
Рақымы түссе Алланың,
Қолдағы алтын – арманың.
Есiңе сонда ал бəрiн:
Өткiншi дүние – жалғанын.
Мал таптың. Одан не шықты?
Уақыт – жел, бақыт кешiктi.
Бəрiбiр қайта ашу жоқ,
Бiр жауып кеткен есiктi.
Төрдегi саған бата алмай,
Жəутеңдеп қалған ботаңды-ай.
Қолыңды қанша созсаң да
Қор болар жаның, жете алмай.
Оған да көнiп шыдарсың,
Көзiңнен тамшы сығарсың.
Түсiңе кiрiп сол бота,
Дөңбекшiп түндер шығарсың.
Тағдырың солай. Дөңбекшi.
Астамсып күлдiң. Ендi өксi.
Тiршiлiк үшiн тоқыған
Торында өлер өрмекшi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу