Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  107


Автор: Ғұсман Жандыбаев

ҚОЗЫ

1
Жарасы асқынды ма қолқасының,
Тауысып соңғы дəрмен, бар тəсiлiн,
Жеттi де ажал болып ащы толғақ,
Жас саулық еттi бiр күн жан тəсiлiм.
Ол кезде ақпан айы. Бүлiк құрған
əулекi, долы боран ұлып тұрған.
Нышанын тiршiлiктiң сорлы анаға
соңғы рет шарананың үнi ұқтырған.
Тағдыры сол бiр төлдiң таныс кiмге?..
Бiлмеймiн. Ол кез ендi алыс мүлде.
Ажалдың шеңгелiнен шыққан өмiр
Домалап қала бердi қар үстiнде.
2
Ол кезде бар болғаны бестемiн мен,
Бүгiнде – елесi көп естегiмнен,
Атаның еркелеген немересi ем,
Алпыстан мол асқанда кеш көрiнген.
Қабағы қара аспанның тас түюлi,
Ақ түтек тұмшалап тұр қос қиырды.
Жанымның жапырағы қалт-құлт етiп,
Менiң де жанарыма жас құйылды.
Айдап-ақ келгенi ме мұны соры?..
Бүйткеше тумағаны дұрыс едi.
Аязда дiр-дiр еткен бейшара төл
Қораның бұрышында бүрiседi.
Мұңлығым тумай жатып у iштiң бе?
Тарылып бара жатыр тыныс мүлде.
Дүние есiгiнен басын сұққан
тағдыры шарананың қыл үстiнде.
Дүрлiгiп дүлей боран ышқынды əрi,
Зым-зия, жер жұтқандай құстың бəрi.
Көзiңдi ашшы төлiм, жылтыраған
Бар ма екен тiршiлiктiң ұшқындары!?
Қарашы ақ боранның кер азуын,
Болды екен тағдырыңа не жазығың?
Көтершi басыңды ендi, көктем келсе,
Сенен де аямас-ау ол азығын.
Кəрленбе, бассыздықты тоқтат, боран!
Кең қолтық мамыр тусын, көк қаптаған.
Өшуге тиiс емес өмiр оты,
Айтады ел оңбайды деп отты аттаған.
Жоқ! Боран қояр емес долдануын,
Кезенген қарақшыдай ол қаруын.
Тiлiнiң тiкенi бар мерез шiркiн,
Түрiн-ай нəрестенi қорлауының.
Тағыдан көзақы алған Тау ұлы едiм,
Тəйiрi-ай, таңсық па едi дауылы оның.
Заһарын бұрын бұлай төкпеушi едi,
Көрейiн бiр шарасын, тауып емiн.
Көрсеткен сесi ме бұл, қай қаһары?
Жүр ме екен қасқыр шауып қойға тағы?
Аранын ашып тұр ма, ертегiнiң
Жалмағыш жетi басты айдаһары.
Жынды жел қышқырды өрден, ысқырды ойдан,
Бұл неткен əдiлетсiз, мiскiн майдан?
Бейкүнə шермендем-ау, тiсi ақсиған
мыстанның тырнағына түстiң қайдан?!
3
Дүние тұлдануда, томсаруда..
Мен – жалғыз, Атам кеткен көршi ауылға.
Бейне бiр қалғандаймын айдалада,
Аш қасқыр үйiрiнiң қоршауында.
Асқар тау арқа сүйер – атам маған,
Ол барда – кездерiм жоқ жаутаңдаған.
Аяқты алшаң басып жүрер едiм,
Соқтықпай сойылды мен бақанды адам.
Ол болса – мына боран ұлымастай,
Жас саулық бақилық боп құрымастай.
Үйде жоқ болғанына өкiнемiн,
Əйтпесе бəле-жала жуымастай.
Мен де бiр баласы едiм парықты елдiң,
Байғұстың мүшкiл халiн анық көрдiм.
Қозыны өз тоныма орадым да,
Аузына жылы пештiң алып келдiм.
Бейбақтың қалған екен шала жаны,
Бiрақ ол мұңын кiмге шаға алады?
Жейдемнiң жеңiн түрiп, кексе жандай,
Құрғаттым шу-суынан шарананы.
Оттар бар балқытатын тастың өзiн..
Аяғын апыл-тапыл басты қозым.
Кiшкентай жүрегiмнiң жылуымен
Дүниеге бiр тiршiлiк ашты көзiн.
Iңiрде атам үйге келдi қайтып,
Мен оған болған жайды бердiм айтып.
Көңiлiмдi күптi етiп бiр сауал тұрды:
“Күн көрмек бұл жетiмек ендi қайтiп?”
Ойымды атам аңдап қалды ма екен?
Дедi де маған қарап:“Ал, жүр, əкем...”,
Қозыны қос қолымен бүре ұстап,
Бауырына нəн саулықтың салды бөтен.
Ол неге көрсетпесiн бөтендiгiн?
Исiнбей, танытып тұр мекерлiгiн.
“Өзiнiң енесiндей қайдан болсын,
Атажан, болды-ау,– деймiн,– бекер мұның”.
Қара түн келе жатты құлап берi..
Тұрған да болармын-ау жылап тегi.
Айттым ба, айтпадым ба əлгi сөздi,
Сондай бiр түйсiк буған бiрақ менi.
Күйгелек, не болмаса шыдамды ұл ма ем?
Тап басып айта алмайтын шығармын мен.
Тезiрек таң атса деп тыпыршыдым,
Күткендей бiр жақсылық шығар Күннен.
4
Сол қозым, бағы жанып, қалды аман,
“Қоңыр” деп ат та қойып алдым оған.
Қасымнан екi елi де ажыратпай,
Күндiз-түн бiр өзiне болдым алаң.
Хайуан да пиғылыңды нақ бiледi,
Адасып қалса – iздеп тапты менi.
Желiнi жердi сызған саулықтардың
Бақырға үрпiн сауып, бақтым оны.
Бейне бiр тап беретiн бейқам түстан,
Бардай-ақ аңдып жүрген сайқал дұшпан,
Қозымды қорыдым мен сотқарлардан,
Өткен мал, қаңғыған ит, ұшқан құстан.
Торғайдай қолтығыма қорғалаған,
Үйреткем азық берiп қолдан оған.
Өзiне пана тұтып, бауыр басып,
Алды əбден үйiр болып ол да маған.
Сипасам тұмсығынан, кекiл жүнiн,
Мен оның өз туғаны секiлдiмiн.
Жетедi төбем көкке – қозым менiң
“Ұмытып” кеткенi үшiн жетiмдiгiн.
Қағыс қап назарымнан қоңыр қозым
Көрген жоқ. Сонда-тұғын көңiл, көзiм.
Тағдырдың тар қыспағын ерте тартқан
Тас қайрақ бала едiм менiң де өзiм.
Нəп-нəзiк болғанымен жетiм қозы,
Қор болмай, кемдiк көрмей, жетiлдi өзi.
Қарауыл болдым оған, түспесiн деп
Сұғанақ бiреулердiң дөкiр көзi.
Еркелiк қай сəбиге жараспаған?
Еркiнсiп жүргенiнде жанасса оған,
Енесi бар төлдер де басына алмай,
Құр айбар көрсетуден əрi аспаған.
Секiлдi парызымыз мойындағы,
Бəсiмiз бiр болатын ойындағы.
Жұққандай көрiнетiн сол қозыға
Менiң де мiнездерiм бойымдағы.
Көнетiн ол да менiң икемiме,
Шат едiм басын шұлғып игенiне.
Бақытты ем, қуанышты ем – бiр жетiмге
титiмдей қайырымым тигенiне.
Қорықпай – ұқсап қоян көжегiне,
Нəр жалғап өсiп едi өзегiне.
Мен сонда еш күмəнсiз сенген едiм,
Хайуан да жақсылықты сезерiне.
Атам да дəн риза едi маған:
“Басынар қорғансызды – тегi жаман.
Əлсiзге шарапатың тиiп жүрсе,
Өмiрде қор болмассың,– дедi,– балам”.
5
Сол сөзi маған берген бата бопты..
Көп өтпей, оралмасқа ата кеттi.
Тап қылып сотқарға да, шоқпарға да,
Талқысын өмiр талай тақап өттi.
Кеттiң де, қайран ата, қайырылмасқа,
Мен үшiн туғандай-ды ай, күн басқа..
Қой болып қоңыр қозым – ол да кеттi,
Кез қылар тағдыр ендi қай мұңдасқа.
Кеттiң де, қайран ата, келмес жаққа,
Ер салдым сенен қалған Мен қасқа атқа.
Болмады соңымнан да ерген ешкiм,
Жүрмедi ешкiм жəне жол бастап та.
Кеттiң де, қайран ата, оралмасқа,
Ұлыған қала бердi боран баста.
“Шаңырақ аман болса, отың өшпей,
деушi едiң: құтты ұяң толар досқа”.
Көкейге түйдiм бе оны, түймедiм бе?
Басымнан өттi небiр күй менiң де.
Кезiм бар бал жалаған, у iшкен де,
Тəттi де, ащы дəм де тидi ерiнге.
Кезiм бар қорыққан да, торыққан да,
Өткелсiз шатқалаңға жолыққанда.
Тас тiлген табанымның iзi жатты
Тiзеден жауған алғаш көбiк қарда.
Өстiм мен қиындықпен қидаласып,
Болмадым мақтанға мəз, сыйға ғашық.
Сондықтан болар, бəлкiм, кей мiнезiм –
Балаға ұқсамайды жиған асық.
Жанымның таппай кейде жылы емiн де,
Сүзектен тұрған жандай жүдедiм бе?
Тағдырдың жұдырығы тие-тие,
Қатайып алды менiң жүрегiм де.
Зорлықшыл озбырларға бас имедiм,
Жолына ешкiмнiң де тас үймедiм.
Күркiреп көк өзендер ағады əлi,
Арналы көңiлiмде таси менiң.
Жан көрсем жəбiр шеккен аласара,
Шырылдап жүгiремiн арашаға.
Көк иттi көп ит келiп таласа да,
Тап берем бiр таяқты ала сала.
Мен, əйтеу, өктемдiкке төзе алмадым,
Бояудай əсiре қызыл тез оңбадым.
Жаманға кесапат боп көрiнсем де,
Жақсыға шарапатты сөз арнадым.
Қапысыз сақтап келем ой сандығын,
Iшiнде қазына көп – жайсам бүгiн.
Бiреуге аусарлық боп көрiнгенмен,
Бiреуге қайрақ – менiң қайсарлығым.
Менiң де өттi талай жайсаң жылым,
Жəнеде бұрқасынды, лайсаң күнiм.
Тiк шапшып, шырқ айналған сəттерiм бар,
Баланып балағатқа – байсалды үнiм.
Көзге мұң толса дағы “əттеңменен”,
Кездерiм болса дағы қатты өрлеген,
Атаның өсиетiн тұмар тұтып,
Жақсыны шетке қағып, жат көрмеп ем.
Мен жалғыз емес екем – аңғарғаным,
Жанында жақсылардың – жанған бағым.
Ұқтым мен мынау жарық дүниеде
Қаншама қайырымды жандар барын.
Оларсыз – болды менiң мүшкiл халiм,
Жалғыздық қамағанда ышқынды арым.
Кейде бiр пенделiкпен, саяқ жүрсем,
Опық жеп, өрт жаладым, құстым жалын.
Тигенде жақсылардың шарапаты,
Жанымның жазылады жарақаты.
Келедi менi қорғап бар қырсықтан,
Солардың мейiрiмi, марапаты.
Соларды қуандырса бiрер iсiм,
Жылынып кəдiмгiдей жүредi iшiм.
Жаздағы жаңбыр жуған жапырақтай,
Көңiлiм де сiлкiп тастар ренiшiн.
Көреген, əулие екен атам менiң,
Қолдайды қапталымнан қатар легiм.
Бақыттың шырынын бiз бiрге жұттық,
Бөлiстiк уақыттың да қатал демiн.
Қалса да қырда бөркiм, құмда тоным,
Жоғалтпан – ар бəрiнен қымбат оның.
“Атасы бар ұлдың – ақ батасы бар”–
Бұл менiң өзiм тапқан бiр мəтелiм.
Тұрса да тауқыметiн тосып алда,
Өмiрдiң құлатпассың көшiн орға.
Ер жiгiт жалғыз болып қалмайды екен –
Жанында шын жанашыр досы барда.
Сыйлады өмiр маған сан сабағын,
Белгiсiз – қанша берiп, қанша аларым.
Атам, мен, қоңыр қозы – үшеу едiк...
Ендi мен барымды айтып жар саламын.
Сəбилiк – сүт сүйкекке бекiр кезi..
Белгiсi сол шағымның секiлдi өзi –
Жəутеңдеп жəбiр шеккен жанды көрсем,
Келедi көз алдыма жетiм қозы.
Қимақпын жетiмдiкке қайдан оны?
Мен – оған, атам маған айбар едi.
Бiлдiм мен қорғанды жан қор болмасын,
Азамат қуанышын тойлар елi.
Тағдыры ұрпағының еткен алаң,
Қарттарым, артпаңдаршы өкпе маған.
Озбырдан опық жеген жанды көрсем,
Атасы жоқ бiреу ме деп те қалам.
Аташым көз жұмғанмен көп iлгерi,
Есейттi, еркелеттi елiм менi.
Жақсы аға, iлтипатты iнi де бар,
Жүгiмдi жеңiлдетер белiмдегi.
Қалтамда бақыр да бар, күмiс те бар,
Iнiге аға атандым – тыныс болар.
Ұққан жан туыс болып табысар да,
Дықтанған – өз-өзiнен қуыстанар.
Қалтамда арпа да бар, күрiш те бар,
Қадiрiн бiлсең оның – уыстап ал.
Аулақпын масыққаннан, ашыққанға –
Көңiлiмнiң көк егiнi ырыс болар.
Көтерсе жерден бiреу нан үзiмiн,
Жалғаған жан деп ұғам ар үзiгiн.
Өрекпiп, өктемсiнген зорды көрсем,
Қозады тыныш жатқан “кəрi жыным”.
Мiне, мен осындаймын, бiле бiлсең,
Өзiң бiл тұра қусаң, жүре күлсең.
Шер төккен мұңлы жанды жұбатсам да,
Селт етпен – жалған жылап, құр егiлсең.
Теп-тегiс болмаса да жолы өмiрдiң,
Көңiлiме сырын тоқып, өре бiлдiм.
Жақсыдан бiр шарапат көргiң келсе,
Тапшыға жан жылуын бөле жүргiн.
Зердеңе түйе алмасаң еш тағылым,
Сыярсың қауызына қос тарының.
Тар кезде тақияңды жерге атарсың,
Бар кезде бiле алмасаң дос қадiрiн.
Ер де бол – ерке болсаң бұл елiңе,
Бағзыдан солар жеткен тiлегiне.
Көңiлiңнен он адамға орын сайла,
Бiр жанның сыйғың келсе жүрегiне.
Атадан мұра болып қалған бұл заң,
Көзге ұрар алаулы оттай жанған қырдан.
Мен егер бiр iзгi iстi бастап кетсем,
Өнеге көрiп өскен жалғар бiр жан.
Көңiлдiң ақ ордасы – сенiм қосы,
Көгертер елiңдi осы, жерiңдi осы.
Жүк артып iзгi жандар жүрегiне,
Сапарын жалғай берер өмiр көшi.
6
“Тимесе тiрi жанға қайырымың,
Хайуаннан болмас,– дейтiн,– айырымың”.
Атамның осы айтқаны əлi есiмде,
Болмаса ұмытқаным айы, күнiн.
Мəнiсiн осы сөздiң көп ойланып,
Iзiне түсiп едiм талай бағып.
Алдымнан ұшырасып қала бердi,
Жер шарын шарласам да мен айналып.
Ауырлап салмағы да о бастағы,
Көңiлiме тоқылды оның көп астары.
Сол екен қолдан қолға көшiп жүрген
Асылдың асылы – адам оны ашқалы.
Жақсылық – парыз екен ойыңдағы,
Жақсылық – қарыз екен мойындағы.
Ар-ұят амандығын бағып келем,
Қасиеттi тұмардай бойымдағы.
7
Жақсылық қарыз болса – қайтар əлi..
Ол əндi əркiм айтып байқар əрi.
Кеше мен мəстек мiнiп тепеңдеп ем,
Су жорғам бүгiн, мiне, тайпалады.
Жақсылық парыз болса – өтелар де..
Талайдың мерейiн ол көтерер де.
Ойдағы жарлы шығып хан жайлауға,
Кей жуан кер шолағын жетелер ме?..
Дүние əлi талай өзгередi,
Өзгерсе – құлақ естiп, көз көредi.
Бiреуге жұпыны алғыс айтқан ауыз,
Бiреуге жомарт уəде, сөз бередi.
Ақ көңiл бiр досымның айтқаны кеп,
Мен кеше сыйлы жерден қайтқам үдеп.
Нəумез боп жүрген шығар бiр ағайын:
“Баяғы жақсылығым қайтпады” деп.
Дəм татсам кеше үйiнен естi ағаның,
Бар менiң бүгiн басқа бес қонағым.
Iлтипат бiлдiрерде бiреулерге,
Өзгенiң iзгi iстерiн еске аламын.
Тағдыры жақсылықтың қандай ғажып!
Өзiне онсыз адам болмай ма жат.
Патшалық құрған жерде Ұлы Iзгiлiк –
Жүрек те, маңдай да азат, қалмайды азап!
Жақсылық жақсылыққа жарасатын,
Кейде оған тар пиғылдар таласатын..
Долданам – қорлағанын көрсем бiреу
Адамның асыл тектi парасатын.
Жақсылық жақсылықпен толығатын..
Зерделi, жайсаң жандар оны ұғатын.
Кейде, əттең, жолықпасқа жолығатын..
Сондайда кездерiм бар қорынатын.
Жақсылық жақсылықпен бүтiнделер,
Жақсылық – жақсылықтан күтiм көрер.
Еншiсi жақсылардың бөлiнбеген,
Əдiлет қазысына бiтiм берер.
Тамырын арам шөпше масыл жайса,
Төбеден жайпап салар асыл жайша ––
Өмiрi жақсылардың өтер кейде,
“Жүздi алып, мыңды берген” Шашубайша.
Жанашыр, мейiрiмдi досың болса,
Мерейiң өсер – ұзап көшiң қонса.
Жақының жат боп шықса – аһ ұрасың,
Дүниеге жаңсақ келген тосын жанша.
Мен де бiр маңыраумен жүрген лақ,
Зыр қағып, бiрде күлiп, бiрде жылап.
Əркiмнiң қабағына жаутаңдасам –
Қосылғым кеп тұрғаны бiр жамырап.
Парасат патышасынан үрiкпеп ем.
Жақсыдан жан жылуын iрiкпегем.
Жабығып жасып жүрген жанды көрсем,
Досы жоқ пақыр ма деп күдiктенем.
Адалдық əмiрiнен безiнбеп ем,
Адамға құшақ аштым өзiм деген.
Есiмде сонау жылғы момын қозы,
Жалғыздық тақсiретiн сезiнбеген.
Көңiлге түйе бiлсең – мол естелiк,
Бiз өткен жолдар жатыр белестенiп.
...Есiме түскен сайын сол бiр қозы,
Өтедi өз тағдырым елес берiп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу