Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  60


Автор: Темірше Сарыбаев

МЕН СЕНІ ТАНЫМАДЫМ

Жүрегің кідіргендей соқпай қалып,
Аңырап, сәл тұрдың да тоқтай қалып,
Асығыс алға қарай адымдадың,
Көзімде бүкіл дүние кетті айналып.
Сонау бір пәк үздіккен таңданыстан
Жан-жаққа қиял қаптап, арман ұшқан.
Сан ойдың зуылдаған қанатынан
Бір бейне жарқ-жұрқ ете қалды алыстан.
Айлардың алға жылжып құлашында,
Жылдардың жасырынған жырасында.
Көнерген көп уақыт көлегейлеп,
Мен сені танымадым, расында...
Кетіппін өткен ізге сұрау салмай,
Дедің бе: «Қутыңдыған мынау шалды-ай!»
Қыз едің қызғалдақтай қырға шыққан,
Құлпырған құрбым едің раушандай!
Даламдай, менің ғашық байтағымдай,
Айта алмай кідірдің бе айтарыңды-ай?!
Ізіңе аңтарылып қалдым қарап,
Аяулым алаулаған май таңындай!
...Есіме өткен күннің түсті бәрі,
Қайтқан кез қалжыраған қыстың кәрі.
Жастықтың сандуғашы сайраған шақ,
Бақтағы құйқылжыған құстың да әні.
Жігіттік жанарымнан төгіліп күн,
Жүр едім жетегінде көп үміттің.
Ауылдың бір топ қызы арасынан
Көзіме көгершіндей сен іліктің.
Көзіме сен іліктің, арман-әнім,
Қалайша танымадым, таңданамын!
Самалы сағыныштың солқылдатты-ау
Құйындай мұң үйірген сары даланың




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу