Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  65


Автор: Темірше Сарыбаев

КІНДІККӨРМЕ

Айтарымды аяқтамай бөлмеші,
Көктем шықса қара да тұр, көр де осы!
Автобуста, трамвайдың ішінде,
Басталады кіндіктердің көрмесі.
Иіріміндей тұнып аққан арықтың,
Шұп-шұқыр боп көз тартады жарықтық.
«Батыс жақтың пәлесі» – деп біреу жүр,
Қарсы тұрар қауқары жоқ халықтың.
Жас қарындар жұрдай болған ұяттан,
Жұлдыздардай жарқыл қағып жиі аққан.
Әрлі-берлі ауысады алдыңда,
Шырқап тұрып, шорт үзілген сияқты ән.
Қипақтап-ақ қарамайын десең де,
Қаймақтай-ақ қалқып шыққан кесеңде.
Назарыңды аударады еріксіз,
Өз шаруаң: көзбен ішіп-жесең де.
Араласып ағы менен қарасы,
Қаз-қатар боп тізіледі жарасып.
Бірен-саран мінген қарттар күйбеңдеп:
Күбірлейді әлде не деп жаны ашып.
«Қара-қара дей ме маған – қысылма»,
Бір кіндік тұр мұрынымның ұшында.
Бір кіндік тұр құлағымның түбінде,
Бір кіндік тұр иегімнің тұсында.
Үйіріледі, иіріледі айналып,
Тіл мен жағың қарысқандай байланып...
Терезеге телміресің күрсініп:
«Заман бізді барады – деп – қайда алып?!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу