Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  90


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕНІМ

Секілденіп
Ошақтағы сөнген от,
Қоңырайсам –
Сыр-мұңы бар пенде боп.
Нұрлы сенім, жарқырайсың сақтаған
Қырық жылғы несібемді, көмбе боп.
Нартәуекел,
жыр жолына жан қидық,
Болар дедік,
Алдан күткен бар бұйрық.
Шыңырауға шым-шым
батқан шақта да
Шығарудан шалдықпадың
Шалқұйрық!
Емес менің
Ырыс – құдам, бақ – бөлем,
Барлық кезде Жаратушым
жақ демен,
Көк теңізде жалғыз алас ұрғанда,
Аман алып шығып жүрсің, Ақ кемем!
Қия шыңдар
Қар көрпесін жамылып,
Құз басында
Тұрдым тыныс тарылып.
Қанатыңа мінгізіп ап сол сәтте,
Күн астымен зымырадың, Самұрық!
Тірлік – түлкі,
Бұған қандай айлаң бар,
Кім болғысы келмес дейсің пайғамбар?!
Жаяулықтан жаным жапа шеккенде,
Өркешіңді өзің тостың қайран, Нар!
Сүтпен сіңген
Сенім неткен сүйікті ең,
Тәжім етем,
Тәңір басымды иіп мен.
Қиындықтан құтқарушым –
Сен барда,
Мен де өзімді түсірмедім биіктен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу