Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  99


Автор: Темірше Сарыбаев

КЕШІГУ

Кешіктім...
Уақыттан көп кешіктім,
Достан да,
Дұшпаннан да, өкпе есіттім.
Шабытсыз қалам ұстау – шарасыздық,
Туады өлең өзі! – деп бөсіппін.
Қиялды көп әлдилеп, іңкәр үнмен.
Күтіппін көзсіз пәрмен жыр –
тәңірден.
Қыранға қарамаппын көкке самғап,
Жемтігін қалқып шығып, шырқап ілген.
Ағынсыз дариядай
Іркіліппін,
Түсіппін арбауына түлкі-үміттің.
Артымда қалдың-ау деп,
қайрылмайтын,
Тоңмойын заманымның сұрқын
ұқтым.
Жә, жетер!
Өкінгенмен, өнетін не?!
Туғалы жүріп келем жел өтінде.
Белгі жоқ өткен күннен
дей алмаймын,
Көкала таңба қалған көк етімде!
Орыны
Жазылмаған жырдың бөлек,
Айтқанда арман бар ма,
тындырдым – деп.
Мақсатқа маңғыстаған жету үшін,
Ат та емес, атан да емес –
Дүлдүл керек!
Шығарар арман – шыңға, мұратқа ма,
Төзетін қыл бұрауға, сынаққа да.
Мені енді бір жеткізсе, жеткізеді,
Қаз мойын, құс қанатты Пырақ қана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу