Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  77


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖАМБЫЛ РУХЫНА СЫР

Халқымның мұңы – бар қайғым,
Қазақтың жыры – мұратым!
Аралда қалған жандаймын,
Жападан-жалғыз тұратын.
Түңілгем тұлдай әлемнен,
Шу менен дудан шеттегем.
Мендегі бардың бәрі – өлген,
Келмеске қайтып кетті өлең.
Қобыздың қылы еңіреп,
Зар төкті күйші саусақтан,
Тоз-тоз боп азды төңірек,
Осындай болар –
«жау шапқан».
Қоздырып қурай ызыңы,
Ішімде қасқыр ұлиды-ау!
Басылды тілдің қызығы,
Нарыққа кез боп қылилау.
Айналам – меңіреу, құла дүз,
Айлам жоқ менің
Болмысқа!
Пәрмен бер өзің, Жыр – Абыз,
Адасқан құлға жол нұсқа!
Алдау мен арбау алшаңдап,
Өң менен түстей өтті өмір.
Еңсені езді бар салмақ,
Көңілімді көрсең – көк темір!
Арманым шаңға көмілді,
Мақсатым мың-сан мертіккен.
Өзімнің түпкі Тегімді,
Ұмыттым, Тәте, мен тіптен!
Келмеспіз оңай келеге,
Үрейлі барша үмбетің.
Жолбарысыңмен жебе де,
Халқыңның жырға бұр, бетін!
Айласын тап та басқа бір,
Медет бер, Пірім, қалайда!
Тағына қонсын патша-жыр,
Нұр шашып сана-сарайға!
Таусылды, бітті, әңгіме,
Сенсеңіз, Тәте, сарсаңмын.
Сөндірдім отын мәңгіге,
Кеудемде жанған бар шамның.
Құдірет кімде, күш кімде?!.
Ұға алмай басты қатырдым.
Теңіздей ойдың үстінде,
Теңселіп келе жатырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу