Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  133


Автор: Гүлайша Ерахмет

Поэзия бақшасы

Күн-күн сайын сын көбейіп, дос күндеп,
Жүрек қажып, жүйке əлсіреп кеттім деп,
Қиял сүріп жатыр едім, ішімнен
Поэзия бақшасынан кеткім кеп.
Жетіп жатыр ақындықтың əлегі,
Кім тапты екен өлең дейтін пəлені.
Бір жұмысқа қолың тие бергенде,
Ойыңа кеп тұрып алар əдейі.


Қабағы да ашылмай жүр шешемнің,
Басы осы жырда жатыр кеселдің...
– Деген оймен жыр біткенді жазғырып,
Мызғап кеткен екенмін.
Осы өлеңнің жері жоқ қой мəз қылған,
Таяқ жеумен келем ылғи тағдырдан.
Деп кемсеңдеп кетіп бара жатыр ем,
Абай атам, шыға келді алдымнан.
Қара мынау байыбына қырсықтың,
Бағанағы ойларымнан тұншықтым.
Оң жағыма жалт бұрыла қашып ем,
Мұқағали Мақатаев тұр мықтым.
Тұра қаштым, сол жағыма бұрыла,
О, Жаратқан, медет бер деп құлыңа.
Екі аттам жер аттай бере, Таңжарық
Бабам маған құшақ ашты жымия.
Кездеспеспін кездесем деп тілесем,
Болсын деген тілектер ме? Жыр есен.
Ал, артыма айнала сап қашып ем,
Фариза апам күлімсіреп тұр екен.
Төрт жағымнан төрт алыбың көз арбап,
Тұрған кезде, қандай төзім бола алмақ.
«Поэзия бақшасынан кетпейім» деп
Отыра қап жыладым-ау озандап.
– Қабағын да елең қылмай шешемнің,
Өсегін де елең қылмай осы елдің.
Бағбанымын поэзия бөпемнің,


Мəпелейін жеткенінше жетемнің.
– Деп серт етіп, оянып ем селк етіп,
Өксіп жатыр екенмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу