Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  94


Автор: Гүлайша Ерахмет

Шынымды айтсам

Бесігім сенсің тербелген, елім,
Тұрмады, бірақ, өзгермей өмір.
Жырымды қанша жұрт мақтаса да,
«Кереметпін» деп кердеңдемедім.
Қиналып келдім қыз жанын сыр ғып,
Көргем жоқ достың иманын кір ғып.
Алдыма келген азаматыңа,
Арулығымды бұлдадым, шындық.
Салты халқымның санама сіңді,
Сатпадым жұртқа салауатымды,
Бұрымды ептеп бұйралатсам да,
Бұзбадым пейіл, қанағатымды.


Қонақпын ғой деп жалғанға бес күн,
Сəнімді түзеп, сайрандап өстім.
Көре алмай құрбым, өсектесе де,
Көміліп мұңға қалған да жоқпын.
Тілден шыққанды тілсімге бөлеп,
Көбейседағы күншіл көбелек.
Жасқанта білдім жауларымды да,
Мысқылым-мылтық, күлкім-жебе боп.
Қолынан ұстап сүйікті жырдың,
Ілтипатыммен иықты жүрдім.
Іздеуге тиіс адамды іздеп,
Сүюге тиіс жігітті сүйдім.
Жұлқынған жоқпын жорға мінем деп,
Торқа іздемедім тойға кием деп.
Табынғамын жоқ, таудан өзгеге,
Жағам деп жұртқа болмадым əлек.
Айналсадағы əнім əттеңге,
Көрсете білдім жадырап бейне.
Руы емес, рухы үшін,
Тату боп өттім, танымаспен де.
Еңбекпен жедім, нанын өмірдің,
Ашықтау болды бəрі жолымның.
Қоңыр мінезім қорғаным болып,
Ақыны болдым абыз елімнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу