Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  98


Автор: Гүлайша Ерахмет

Азаматқа əзіл сөз

Сорымыз ба, кім білсін, бағымыз ба,
Жанашыр жан тым аз ғой жанымызда.
Мықты ұлдардың барлығы үйлі боп ап,
Момын ұлдар қалған ба маңымызда?
Жету үшін көздеген тауымызға,
Шаң тигізбей келеміз арымызға.
Жанашырлар шетінен жар тауып ап,
Қатыгездер қалған ба бағымызға?
Біз бармаған тосып тұр бақтар əлі,
Жасқа жеттік айырар ақ-қараны.
Əдепті ұлдың барлығы бас құрып ап,
Əдепсіз боп барама басқалары.
Қалмау үшін тозып ар, арман дағы,
Қайрылмадық қызыққа қайраңдағы.
Сүйкімді ұлдың барлығы той жасап ап,
Сүйкімсіз боп барама қалғандары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу