Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  110


Автор: Гүлайша Ерахмет

О, муза!

Сен едің Тəңірден соң табынғаным,
Сені іздеп он төртімнен жалындадым.
Көкте күн қолға түспес, жерде гүл бар,
Керек десең сыйлайын бəрін-бəрін.


Сол күннен соң ақынға еліктеген,
Мен сенің айтқаныңа көніп келем.
Жымиып көз алдыма келе қалсаң,
Түн бойы ұйқымды да бөліп берем.
Көзімше көрсетпеші бөтен қылық,
Кеудем кеңіп қалады келсең күліп.
Өлкемдегі əдемі қыздың бəрін,
Саған қосып берейін нөкер қылып.
Сен алыстап кетпеші қорқам, көкем,
Онда мұңға толады-ау ортам бөтен.
Сөз салып жүрген маған жігіттерді,
Қолыңа су құйдырып қойсам ба екен?!?
Жастықтың базарында шаттанбай қап,
Мен едім сені іздеп тапқан бейбақ.
Алтыннан сарай соғып берер едім,
Тамағымнан аспай жүр тапқан жармақ.
Сен келіп сипағалы маңдайымнан,
Жып-жылы жыр төгілді таңдайымнан.
Төсек сап берейін бе төріме əкеп,
Өрген бұлтты ұстап-ап тауларымнан.
Он төртте саған берге уəдем үшін,
Кешікті тірліктегі дəмелі ісім.
Қызықсаң алқама, иə, жүзігіме,
Сыйлайын одан да өткен əдемісін.
Үлбіресең алдыма күліп келіп,
Іргемді қалады ылғи ырыс көміп.
Көркіңе көз тұндырып отырамын,
Жырымнан жібек көйлек тігіп беріп.


Алғалы жас басымды сен дуалап,
Бір бұлақ кеудемдегі толқып ағад.
Шаһарда сені ертіп жүрмін міне,
Шашыңа сағыныштан шолпы қадап.
Жаздырды өз тағдырым өзіме өлең,
Гүл болсын күлкілерім жолыңа егер.
Сені іздеп кетті десін мына халық,
Жетелеп кетсе мені өлім егер.
Болмайды жиырмам мынау жырламасам,
Оның өзі бақыт қой бізге орасан.
Ақындар арасына келгеніңде,
Жетеді оң көзіңмен бір қарасаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу