Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  96


Автор: Ақылбек Манабаев

НАН

Сұрапыл соғыс түнегі
Салмаған салған жыл еді.
Жұртпеннен бірге менің де,
Күйзеліп жаным жүдеді.
Шөп маялап сорлы апам,
Бел шешпей егін орды атам.
Бататын күн сарғайтып,
Ататын еді зорға таң.
Бестегі кезім тұлымды,
Уаттым үйде інімді.
Оңашада жылаушы ем,
Жаспенен жуып мұңымды.
Біз емес, біздей сан бала
Әкесіз қалып, зарлана,
Жаутаңдады-ау мұқтаж боп
Жалғыз тілім нанға да.
Тамыздың тыншу кешінде,
Болған бір жай есімде...
Табақтай болып тұрды ай
Аспанның қалқып төсінде.
Күндегідей тағы да,
Жолға қарап жабыла,
Анамызды күттік біз.
Сағына да сарыла.
Баяулай батып ай-дағы,
Маңайды түн жайлады.
Анамыздың сол сәтте
Естідік үнін жайдары.
Құшақ жайды ол,
ұмтылдық,
Бір жығылып, бір тұрдық,
Жабыққан шақ ұмыт боп,
Шаттанып, гүлдей құлпырдық.
Арқадан жүгін түсірді,
От жағып, қарма пісірді.
Екеумізге тең етіп,
Тілім наннан ұсынды.
Осынау күйлі хал ұнап,
Отыр едік жадырап,
Тарғыл мысық қылғытты,
Інімнің нанын қағып ап.
Санамай өзін кінәлі,
Еңіреп сәби жылады.
Екі көзі жаутаңдап,
Нанымды менің сұрады.
Үнсіз қарап тұрды анам,
Ауыр тиді бұл маған.
Несібемді ініме
Берсем,
Өзім құр қалам.
Келер күнгі күй мәлім.
Ойланып жанды қинадым.
Қарным ашып тұрса да
Ініме нанды сыйладым...
Жүрсек те асқа жарымай,
Жоқтыққа мүлде налымай,
Өскен едік біз солай,
Бөліп жеп дәмді тарыдай.
Өтсе де күндер қаралы,
Кейде елестей қалады.
Нан сұраған інімнің
Сол бір жалтақ жанары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу