Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  147


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ЖЫЛ ҚҰСЫН КӨРДІК...

Жыл құсын көрдік көксеген,
Жұлдызы жаман өтеді.
Көктемді көрдік көппенен,
Осы да бізге жетеді.
Өткен соң жастық басыңнан,
Осы да дейсің болар-ау.
Тек әттең қары ашылған,
Тепсеңге қиын қарамау.
Бойласаң өткен-кеткенге,
Өмірге мынау бөтенсің.
Құс алып келген көктемде,
Құлшынып тағы кетерсің.
Теріскей әлі, теріскей,
Күнгейдің беті қаралау.
Аңсаған арман мен іштей,
Арман боп мәңгі қалар-ау.
Ақмарал алыс тілегім,
Көктемге ол да жетеді.
Ойласам соны жүрегім,
Оянып тағы кетеді.
Ақмарал – арман көп жаса,
Ағарып жанмен некелі.
Сағынар сәттер болмаса,
Өмірдің рас бекері.
Келді ғой, міне көктем де,
Сен қайтіп жүрсің, Марал-ау!
Жақсы бір күнге жетсең де,
Ішіңде аңсар қалады-ау.
Ішіңде кетер барлығы,
Сырыңды сыртқа шығармай.
Көңілде жүрген наз-мұңы,
Жайқалып өсіп жазды күн,
Жапырақ болып шығардай.
Теріскей жандай көп ішкен,
Күнгейдің беті қаралау.
Күнәсі адал періштем,
Сен қайтіп жүрсің, Марал-ау!
Шыға алмай кеттім құмардан,
Мәңгілік менің құмарым.
Булығып тұрған бір арман,
Бұтақты көріп жыладым.
Баратын саған жол да жоқ,
Қанаты сынған қарағым.
Бұрынғы шағым сол ма деп,
Бұлттарға көшкен қарадым.
Өзіңнен қайтіп безінем,
Өзім боп кеткен шығармын.
Жасырып жұрттың көзінен,
Жағама таққан тұмарым.
Дүрілдеп келер көктемнен,
Қаймығып тұрған қар анау.
Сырласпай бастан өткенмен,
Сырласты қайдан табам-ау.
Ішінен іріп теріскей,
Бейнесін берді санамның.
Өзімді өзім жеп іштей,
Мұңдасты қайдан табармын.
Теріскей ол да келісті-ей,
Қылтиып шығып жерден көк.
Сездірмей жұртқа тек іштей,
Сенімен жүрмін серуендеп.
Жылмая көктем, жылы жел,
Жан бітті кепкен таяққа.
Көсіліп жатыр ұлы бел,
Көрпесін теуіп аяққа.
Көшеде қыздар құс кеуде,
Ішінде талай жақсы бар.
Кешегім еске түскенде,
Жеген де болам тәтті жал.
Көгеріп күнгей көгалы,
Теріскей соны жобалап.
Көшені, қырды, моланы,
Келеді көктем аралап.
Баяғы адал сезімнің,
Орнында қалса ала дақ.
Көктемді мынау өзіңнің,
Көзіңмен көру обал-ақ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу