Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  66


Автор: Тəпей Қайысханұлы

АЛЫС ЖАҚ

Сонау қиыр жиектерде,
Бір арман жүр кеше алдаған.
Мынау бейбақ жүректерде,
Бір жұмбақ жүр шеше алмаған.
Алып күшпен алыспақ па,
Қасына əлде шақырмақ па?
Шешу не?
Алыс жақта
Алыс-алыс атырапта.
Сақтағаным алыс арман,
Əжем берген түйіншектей.
Сол алыспен табыса алман,
Өткен күннің күйін шертпей.
Гете, Гейне ой көзімен,
Бір алысты байқап еді.
Кетті ме алып бірге өзімен,
Айланбады қайта берді.
Арыстармен алысып ой,
Өтті өмірден талай мықты.
Бəрі де елдің намысы ғой,
Нені аңсады Абай тіпті?!
Ұстатпады асау арын,
(Қосты ма оны жарысқа елі?)
«Жер ұйығы» Асан шалдың,
Көз жеткісіз алыста еді.
Неше ғасыр кейін туды,
Канпелланің «Күн қаласы»?
Дала жүзін жаспен жуды,
Жазылмады түн жарасы.
Жарыстар да,сайыстар да,
(Бөзегі емес басқаның дəл)
Дала халқы-ай алыстарда,
Дара сенің аспаның бар.
Ойхой, алыс! Алыс жиек,
Бабам сені сүйіп кетті-ау.
Шер-күйіне қамыс тиек,
Шыдай алмай сынып кетті-ау.
Олардағы соңғы арманын,
Алыстарға артқан еді.
Бойын бойлап сол арнаның,
Алыстарға тартқан елі.
Тағдыр оңай деме батыр,
Үміт− күдік қалыспайды.
Жете алмай-ақ келе жатыр,
Алыс мəңгі алыстайды.
Ол жеткізбес алыс шығар,
Жанып тұрған жалын ба əлде?
Көп арманның дауысы шығар,
Жалғап тұрған жанымды əнге.
Шетсіз-шексіз теңіздердің,
Алыс-алыс шетінде анау,
Арманыммен егіз менің,
Жылтылдайды жетім алау.
Көкжиектер көк сағымнан,
Бұлдырайды салқын қабақ.
Сонда шығар көп сағынған,
Арман құсым алтын қанат.
Жақындай ма, соңғы ғұмыр,
Атыраптар алыс тартқан.
Сөйлеспей-ақ сөнді ме іңір,
Жұлдыз туды алыс жақтан.
Ұлы жүрек дауыстары,
Сол алыста табысады.
Дегенменен қиындау ғой
Ақындардың алыс жағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу