Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  87


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Қол бұлғаймын достарыма көктегі...

Қол бұлғаймын достарыма көктегі,
Құс біткеннің бәрі маған өкпелі.
Өкпелеңдер, мейлің, мейлің ренжіңдер,
Жат көрмеңдер, жеккөрмеңдер тек мені.
Қалай күлем кірпігімде мұз барда,
Қолтығымнан демейді кеп жүз қарға.
«Ұшамын» деп, уәде бергем былтыр мен,
Қанаты бар бақытты анау құстарға.
Жапыраққа сыбырлаған жел еді,
Сарғайды ғой, біледі ғой өледі...
Жапырақ боп құлап кеткім келеді,
Қарлығаш боп ұшып кеткім келеді...
Жүрегімде бақ пен қайғы астасып,
Жаныма гүл, мінезіме тас ғашық.
Жұбатады жапырақтар сипалап,
Жылатады жапырақтар қоштасып...
Көктем күтіп, күзім мені шақырад,
Ғұмырым бар: аспан және топырақ.
Сенесің бе?
Оу, көктемім, құстарым!
Жаным күзде, қауырсыным — жапырақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу