Өлеңдер ✍️

  15.09.2022
  88


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Осы бір күз...

«Пешенесіне жүз жылғы жалғыздық
жазылған адамзат әулетіне екінші қайтара
өмірге келуді жазбаған»


 


Габриэль Гарсиа МАРКЕС



Осы бір күз жанарымда қалып қалды,
Үйретеді мұңайғанды, жабыққанды.
Қоңыр, әжім алақаны сәлем беріп,
Осы бір күз мені көріп танып қалды...
Танып қалды жапырақты төсімдегі,
Келді қайта бала мұңым есімдегі.
Осы бір күз қайтып келді «жұбатам» деп,
Осы бір күз жылатады несін мені...
Бұлт жамылып, жалғызсырап Ай қалады,
Аспан жылап жапыраққа ой тамады.
Есігіме қайта келген сол жалғыздық...
Осы бір күз...
Сол бір күзді қайталады...
Талай жылдар бұлт көшіне мұңым ерген,
Маған жұлдыз суық, әлсіз нұрын берген.
Тереземді сығалап жүр бір бейшара...
Мынау жетім жалғыздықты бұрын көргем.
Жұбата алмай әлек болдым жаңбыр қызды,
Қош бол, құстар!
Күз бен мені, қалдыр бізді.
Сол жапырақ...
Сол жалғыздық...
Сол сағыныш...


Осы бір күз ертіп келді сол бір күзді...
Қайыңдар да құламай тұр уыс қайғы,
Сағыныштар кеудеме кеп тыныстайды.
Жүрісі де, отырысы, мұңайғаны,
Жалғыздықтың өзі маған тым ұқсайды.
Тау басынан қарап жатыр әсем шынар,
Күнім болса тас төбеме әкел, шығар!
Оралатын сағыныш боп, мен көрмеген,
Осы бір күз...
мүмкін менің әкем шығар...
Қайың досым! Екеумізде мұң бір еді,
Сырымызды Ай біледі, түн біледі.
Жете алмай сол бір күзде жылап қалған,
Осы бір күз...
ғашығым ба, кім біледі?..
Күзді қысқа қия алмаймын, тоқташы қар!
Күз өмірім. Сарғайтпашы, сақташы ар.
Көктем менің қиялым ба? Түсім бе әлде?
Бәлки, мезгіл күзден басқа жоқ та шығар?..
Жаурадым ба? Сарғайдым ба? Солдым ба екен?
Уақыт мені танымады, болдым бөтен.
Осы бір күз, осы тағдыр қайталанған,
Мүмкін, жалғыз сол бір күзде қалдым ба екен?..
Келер ме екен жүзінші қыс, жүзінші қар?
Көшедегі жапырақтар ізім шығар.
Осы бір күз...
алғаш көрген күзім бе екен?..
Осы бір күз...
мүмкін, соңғы күзім шығар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу