Өлеңдер ✍️

  13.09.2022
  71


Автор: Гүлнәр Қуанбекова

Мұзтаудың демі салқын-ды

Қуалап өтті жарқылды,
Қанша үміт сарқылды.
Манаурап маңғаз қарайтын,
Мұзтаудың демі салқын-ды.
Қойнында жортпас киігі,
Қыран құс аспас биігін.
Алып бір аппақ «киеге»,
Сиынып қайттым, сиынып.
Қасиет боп жұртқа былайғы,
Қатып бір қалған сыңайлы.
Жеменей жылы болғанмен,
Мұз тауың суық райлы.
Сәулесін сыйлап сыртында ай,
Сырғиды жақын күн тұрмай.
Жер - өреге тәңірдің,
Жайылмай қалған құртындай.
Теңізден қалған лағылдай,
Алқадай қалған тағылмай.
Таңдайын қақты бар әлем,
Бұйырмай тұрған бағындай.
Адалдыққа айғақ өрдендей,
Дүниені тұрсың теңгермей.
Бір көрген жан тәнті боп,
Айналып қайта келгендей.
Айбыны бөлек алыптың,
Әлемнен, жерден парықты.
Тау біткеннің тек тастан,
Жаралмайтынын таныттың.


Жақпардан шықпас жаңғырық,
Көрмеген мүлде шаң жуып.
Тазалық деген шындықты.
Дәлелдеп тұрсың мәңгілік.
Қарыққан көздер жаурайды
Бу менен мұнар баурайың.
Кертіп бір кесек алуға,
Ешкімнің дәті бармайды.
Қуалап отты жарқылды,
Қанша үміт арна сарқылды.
Мызғымас біліп нарқыңды,
Таулардан тауып парқыңды.
Мұзтауым маңдай тауым деп,
Жүректен жырым сарқылды.
Сүйемін сұлу халқыңды,
Сүйемін Мұзтау қартымды,
Жер беті жылы болғанмен,
Мұзтаудың демі салқын-ды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу