Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  271


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

МЫСАЛ

Тышқанға кірпі келді айтып дәтін:
«Біраз күн болар ма екен мархабатың,
Үйіңнен аз уақытқа орын берсең,
Естен кетпес болар ем, сізбен жақын».
Кірпіге орын берді тышқан іннен.
Алдыңғы пайда, үміт қып келер күннен.
Баласына қадалды кірпі түгі,
Тырнап, жыртып кетірді ретінен.
Бір күні тышқан айтты кірпіге кеп:
«Жайлы орын іздесеңіз бізден бөлек,
Аз уақыт құрметті қонақ болдың,
Хош айтысып ажырассақ», - деп етті тілек.
Тышқанға кірпі сонда қарап қиыс:
«Басындың, басқа шықтың, - бұл қандай іс?
Мұндай үй сендей жанға лайық емес,
Жағдайлы орын іздеу саған тиіс».
Қонағың мықты болса, қожаға өкім,
Мықтылар келтіреді іс ретін.
Қай-қашан жуандікі астамшылық,
Жем болма, күн бұрын сақтан, бекін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу