Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  258


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

ЖІГІТТЕРГЕ АЙТАЙЫН, БІР ҮЛГІ СӨЗ

Жігіттерге айтайын, бір үлгі сөз.
Ойлыларға күңгіртсіз, көргендей көз.
Қыртқанды езген жеңер арсыздықпен,
Болмайма езіп-қыртқан сөз дүмбілез.
Тоқтатып бір кісіні жеңсең сөзбен.
Асқақтап өршеленбе, тиыл тезден.
Қыртқанды езген жеңсе, енді езгенді
Ақырында жеңеді Хақтан безген.
Тоқтасын жеңілгенін білген кісі,
Білімсіздің тоқтауға жетпес күші.
Булығып күре тамыры адырайып,
Жұтатындай бұзылар сәтте түсі.
Білімді тоқтап, сөзге қылар сабыр.
Сөз қумай тоқтағаннан келмес забыр.
Сөз қалай, көңіл қайда толқығанын.
Өң бұзбай кең толғанып, әбден таныр.
Білімсіз байлауы жоқ, сөйлер ұзақ.
Әр жерден саламын деп сөзден тұзақ.
Дабыршыл, алаңғасар, алып қашпа,
Бұрқылдар үйден шығып кеткенше ұзап.
Білім сол – жеңгенді біл, жеңілгенді.
Артық-кемін салмақта, төгілгенді.
Жел толтырып үрлеген жас қарындай,
Өнер көрме бос сөзбен семіргенді.
Жеңгенде, жеңілгенде сөзден тоқта,
Аптықпа, арындама орны жоққа.
Шын жеңілген орныңнан үндемей кет,
Кезегін тос, айналма сөз бір соқпа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу