Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  103


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

ҮЛГІЛІ БОЛ, ҮЙРЕНІП

Үлгілі бол, үйреніп,
Өрнек бар білген сөзіңде.
Тұсыңнан өтпей тез қамдан,
Қайырып қалар кезіңде.
Істермін ертең деп жатпа,
Өнер болса өзіңде.
Көз салма елдің құмартып,
Алтынына, жезіне.
Қараймын, газет оқимын.
Артта қалдық бұл не хәл?
Ұмтылып өнер үйренбей,
Ерінгенге не амал.
Еңбек қылмай ерініп,
Арқада сауыр, қалмай жал.
Алаңсыз ұйықтап жатқанды,
Оятарға бар ма амал?
Талпынып жылдам кәсіп қыл.
Кезінде жұмыс дәлме-дәл.
Еңбекпен өнер іздеңіз,
Мейлің бала, мейлің шал...
Өнердің оқу үлкені.
Тәттілігі бейне бал.
Оқып ұқ, кітап сөздерін,
Ұнағанын жаттап ал.
Оқуменен озып жүр,
Не данышпан, не кәмәл.
Біліп үйрен бек шындап,
Ұмтылсаң берер, Зүлжәләл.
Оқу біл, үйрен тезрек.
Жас күніңнен қамданып.
Білімді бол көбірек,
Қайраттанып, жанданып.
Ғылым оңай қонбайды.
Баю жеңіл, малданып.
Екі дүние әбзәлі,
Оқып ғылым үйренсең.
Тәрбиелі таза боп,
Бұзықты көрсең, жиренсең.
Әдеп пен ақыл сөзді алып.
Өз алдыңа жүрсең жөн.
Жасы үлкен ағаны,
Сіз деп жүрсең, демей сен.
Аш жүрер адам, тоқ жүрер,
Ұрлық істеп сұғынба.
Кері кеткен аусармен,
Ала өкпе сөзін ұғынба.
Ынтаң кетіп ұмтылып,
Қойны-қонышыңа тығынба.
Нақақ, пәле жабатын,
Жауды көрсең бұғынба.
Айтқанға кінәлі емеспін,
Сүйсең ұқ, сүймесең ұғынба.
Үйден шықпай айналып,
Ынтаң салма тамаққа.
Жол жүлгемен жүріп көр,
Көңіл жібер сабаққа.
Далада жатып былғанып,
Мас болып жүрме араққа.
Ағалық ақыл, айттық сөз,
Жасөспірім қараққа.
Теріспе мұным, я жөн бе?
Сал өздерің сарапқа.
Жігіт болсаң аулақ жүр,
Сөз соқтырғыш бораннан.
Оқысаң бұл сөз кем емес,
Даурыққан айқай, ұраннан.
Бекер жүріп мүскін боп,
Тәуір емес сұранған.
Білімдіні жағатта,
Өзіңді сақта наданнан.
Дүниеде жаман жоқ,
Бұзақы, арам адамнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу