Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  174


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

СЕЙІЛХАН АЙСАҰЛЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

Тоқтарқожа – Сәйбек хан баласы екен.
Жұпар Ханым дейтұғын Анасы екен.
Үлкендердің айтуын өлең қылдым,
Атасы өліп мәнсапқа талас екен.
Мәнсап талас – бұрыннан мирас қалған.
Бұл сөзді білген адам демес жалған.
Тоқаңа патшалық нәсіп болмай,
Ойлағаны орнамай, көңіліне алған.
Бауыр туған өкпелеп ел-жұртына,
Қапа болып, жүрегіне қайғы салған.
Туысқан отыз бауыр арасынан,
Қия алмай ата жұртын естен таңған.
Жұпар ана қоштасып шәһар, жерге,
Қатты ренжіп жүрегі от боп жанған.
Алдамшы, опасы жоқ, ғаяр дүния,
Кетуге ұзақ жерге ойына алған.
Әзелде, көретіні осылай боп,
Ләуқұлда Хаким қылған хақтан пәрман.
Алла Кәрим әзелде жазған дүр көп,
Бес жолдаспен жөнелді тәуекел деп.
Қазақ – Арыс елінде Байыс ауылы,
Қасыретпен күн өтті уайым жеп.
Байыс қызы Мақта апай жұптыланды,
Қатындыққа нәсіп боп, оны алды.
Байжігіт, Жанжігіт деген екі бала.
Алла беріп, сол жерде туып қалды.
Хабар келді құзырлы шәһар жақтан,
Қайтыңыз, елге кел деп ол тараптан.
Сағынып ел шәһарын жүрген еді,
Әр қандай хұкім еткен пәрмен Хақтан.
Тоқтарқожа қайтпаққа жұрт сағынып,
Ел-жұртымнан айрылдым мен не қылып?
Қоштасты Ата, халық, ағайынмен.
Тоқтамады тұрса да ел жалынып.
Жер ортаға барғанда жасырынып,
Бәйжігіт бала қашты, түн жамылып.
Көрмеген жер, танымайтын елге брып.
Сағынып қалай жүрем деп налынып.
Нағашы ата, халық, ағайын жұрт,
Той қылды қуанышқа ел жабылып.
Байыс би жұрттан асқан бай еді бек,
Төрт түлігі елден асқан қисапсыз көп.
Өз балам, бөтен деме, халайығым,
Айтқандарың, күнәда қаласың, - деп.
Бәйжігіт, нағашыда қалды саяқ.
Үйленді, бағы ашылды, айтудай-ақ.
Субхан Алла сұрауын қабыл қылды,
Артық дәулет берді Алла аямай-ақ.
Қатыны құрсақты боп әуелі алған,
Үлкендер анық сөзді демес жалған.
Екінші алды қатын, үлкені өліп,
Жас балдыз және алуға кісі салған.
Үлкен үйге балдызын кіргізіпті,
Қосқан соң құдірет Кәрім, қылып пәрмен.
Әуелгі қатынынан құрсақ туды,
Жетім қап, көз жасымен бетін жуды.
Екінші қатынынан Жұмық-Тоғас,
Қалдырды қалың тұқым ырғын-дуды.
Үшінші қатынынан Мәмбет туған,
Осылайша айтады ата қуған.
Апасының орнына сіңлісі кеп,
Құрсақ – Мәмбет еншілес бірге тұрған.
Мәбеттің тоқалынан һәм Қожақұл,
Біз сондай тараламыз топты дудан.
Бір қатыннан Өмір мен Күшік туып,
Білген үлкен айтады ата қуып.
Күшіктен Дәулен, Есір болған бала,
Дәулен – Өмір аналас бізден жуық.
Қожақұлдан – Есенбай, Есенаман.
Қабанбай үшінші ұлы, батыр бабам.
Көмектеп барша әруақ, көтере гөр,
Қайғы-қасірет бұл күнде көңілм алаң...
Қабанбай болған батыр қазаққа ұран.
Өтіпті талай артық сайыпқыран.
Адамнан үміт ету лайықсыз,
Алладан әр не мақсұт, берер сұран!
Алыпты атам батыр, жауды асқан.
Мен-менсінген дұшпанның көңілін басқан.
Абылай хан, Қабанбай заманында,
Жоламай маңайынан дұшпан қашқан.
Әр патша елін жаулап алады екен.
Өктем күш дұшпандарға салады екен.
Айлық жерді жортумен кеңінен байқап,
Ғаскермен жүріп бәрін шалады екен.
Бірі – патша, бірі – батыр, ақылы –серік.
Жұрт мұның ісіне таң қалады екен.
Бұлардың өнерін біліп, ақылын естіп,
Сыйлы ғып дұшпан әрман барады екен.
Жұртын аман сақтапты елін қорғап,
Кәмәл ойлап, кең толғап, алыс шолмақ.
Ақыл-қайрат, өнері үнемсозар,
Ретін келтіретін кеңнен толғап.
Түбейлі ғып, тыңдыра, тыңдайды екен.
Ойланып әгәр қолдап.
Қазақия халқына хаділ болып,
Заманында бақ дәулет тұрған орнап.
Қытай Ежен, Қалмақ ханы Қонтажымен.
Аз байқасып, ұрыспай артық зорлап.
Кішілік қып Қонтажы қызын беріп,
Сізді көріп кетті, - деп, ішім еріп.
Әлі атты ұлына жұптылапты,
Естуімше айтайын біраз теріп.
Кәрәматлі , Қонтажы патша екен.
Батырдың қасиетін білген көріп.
Қабанбайдан туғаны жеті ұл бала.
Әр іске кетіп көңіл болады ала.
Әр уақытта жарылқа, ақырын бер,
Рақым қыл,сүбүқан, айа пана.
Батыр ұлы Үмбетей мырза келді,
Жаппар Хақ және артын хайыр қылды.
Кішкентай, Мойнақ, Едіге, Сырымбет, Байтоқ,
Қызыр қонған Әлі атам айдын көлді.
Батырдың қатыны көп бала тапты,
Басқасынан кенжесін шала тапты.
Бек нашар, шала жансар қайтемін деп,
Баланы бір тұмаққа сала сапты.
Мұңайып анам сонда тұрған жылап,
Тыңдаңыз бір аз ғана салып құлақ.
Құдірет шапағат қып өзің оңда,
Деп сабыр ғып отырды анам сұрап.
Сонда үйіне қария келді кіріп,
Орынды ақсақалға берді тұрып.
Бара жатқан тоқтамай жұмысым бар,
Деп жауапқа кірісті мойын бұрып.
Балаңды керегеге қырық күн іл,
Анық ұқ, менің айтқан сөзімді біл.
Берекелі, қайырлы болар балаң,
Бұл баладан жайылар жұрт, неше гүл.
Бала болар, бақытлы, несібелі.
Қартайғанда болмағай уайымшыл.
Әлі болсын балаңның есім-аты,
Мүбәрәк болар дейді қайырлы ұл.
Ұшбуыны айтып ақсақал ғайып болды,
Рас сөз ағат емес, әншейін тіл.
Ұлы кәрі бабамыз бәрі айтады,
Қаншасынан естідім жиырма жыл.
Осындайлық бірқатар өткен заман,
Батыр да баһи жайға қайтты һәмән.
Жұрт шулап, ел қайғырып, келіп аңырып,
Айырылып қалды халқы, бәрі тәмәм...
Пәнилік Пайғамбарға қылған емес,
Біраз сөйлеп қылайын Сізге кәләм.
Әлі бала жолаушы кетті бір күн,
Ағалар бөліп алды енші тәмам:
-Кәрі қатпа, қайқы, бүкіш және ақсақ,
Ылғи нашар қалтырып бәрі жаман.
Деп анасы мұңайып отыр келсе,
Не себепті кейідің?-деді Анам.
Анасы баласының айтты жайын,
Маған ақыл салмады тұрған дайын.
Қартайғанда қалайша асырайсың?
Дегенде Әлі айтты: - қылма уайым.
Қайқыны Қызыр мінер тынышты деп,
Бүкішті – жақсы жорға, жүрісті деп.
Кәрі қатпа нашарда – құт қалады,
Ренжіме, балам қылды бұл істі деп.
Алланың рахмет, жәрдем, жарылқауы,
Малы артылды көбейіп, он есе боп.
Әлі атам алыпты екі қатын.
Қарқара дер,бірінің Мөней атын.
Пұсырман, Садырбай мен Жақас кенже,
Қарқара ана шығарды үш ұл атын.
Айтқұл, Шаған, Шыңғыс пен Сарқұл, Дәуік.
Қонтажы қызы, Мөней дейді затын.
Алла Кәрім әуелден әбзел етіп,
Көп адамнан асырған хәрәкәтін.
Құдыретіңмен қуат бер, Құдай өзің,
Тигізіп ата-анамның шарапатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу