Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  100


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Дәрігерлерге

Адамдар үшін иесі ізгі тілектің,
Адамдар үшін соғуы таза жүректің.
Адамдар үшін ажалмен кейде шектескен,
Дәрігерлерді келеді мәңгі жыр еткім.
Адамдар үшін ұйқысын түнде бөлетін,
Адамдар үшін бақыттың нәрін егетін.
Алдына барсаң жаныңмен жаны жалғасып,
Бабыңды біліп, мейірімін күндей төгетін.
Адамдар үшін шаршаса шытпас қабағын,
Адамдар үшін алаң боп ішкен тамағын.
Адамның өмірін күзеткен кейде қас қақпай,
Адамға бөлген ойының тоқсан торабын.
Адамдар үшін кіріскен іске белсенді,
Дәрігерлерге үмітпен қарап ел сенді.
Дәрігерлік кеңеске барсам кейде мен,
Көңілім шат боп көтеріп жүрем еңсемді.
Көңілімнің күйін қабағымнан ұғатын,
Жайдары жүзбен алдымнан әркез шығатын.
Дәрігерлерге айтамын алғыс жүректен,
Жанымның азық, табатын сусын шұбатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу