Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  103


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Не дейсің бұған ағайын?!

Арғы тегің адамнан
Құлдап содан таралған,
Асан-қайғы, Қазтуған
Бұқар, Дулат бабаңнан.
Үлгі айтылып ұл-қызға,
Келе жатыр заманнан.
Солардан қалған салт-сана,
Неге сонша тоналған.
50-60 жастасың
Іздеші өзің санаңнан,
Табылмаса өзіңнен,
Не күтеміз балаңнан?!
Қылығын ұлдың қоялық,
Түн қатты қызың боянып.
Таң алдында жатады,
Түс ауған соң оянып.
Бояуларын көтеріп,
Айнаға таман таялып.
Қырық құбылып қарайды,
Қалған жоқ бардан аянып.
Қара бояу қастанып,
Қырықпа қысқа шаштанып,
Кілей кірпік, қызыл ерін
Жағал ешкі бастанып.
Опамен беті бозарды
Сұлулық солай басталып.
Ұзын тырнақ, қызыл көбе
Қымсынар емес, жасқанып.
Ұстай алмас инені,
Қадай алмас түймені,
Тікбақай нәзік періште
Сыпыра дайын кигені.
Кеттім, бардым, музыка
Думанды кеш сүйгені.
Бір көрмеге жан берме,
Сыр алыспай күйгені.
Билесе, зырлап ұршықтай
Табаны жерге тимеді.
Жығылса да, сүрініп
Опығып аузы күймеді.
Не дейсің бұған ағайын?!
Тағы саған қарайын
Баланікі балалық,
Өзіңе кінә тағайын.
Тәрбиелі сөз айтып
Ашпадың ба сарайын!
Жібек мінез қыздардың
Көріп жүрсің талайын.
Ақылды, арлы болудың
Келтірсеңші орайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу