Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  85


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Құлқын

Бір кісідей қарулы қайраттымын.
Сәулетімді ат тартпас айбаттымын.
Әр нәрсеге соқтыққыш, сұғанақтау,
Нәпсіме шамам жетпей ұяттымын.
Дауыл кеуде, таусоғар иықтымын.
Орамды ой, ділмар да сияқтымын.
Кейде күлер достарым, көзін қысып,
Қылығымның байқай ма қиықтығын.
Өз басымнан аспайды дархандығым.
Тер төкпей болса деймін қалтам мығым.
Маңайымда жүргендер мінімді айтса,
Ондайларға ұстайды тарпаңдығым.
Табанды еңбек, тәтті оймен бет келмеймін.
Тегін алсам ашкөзбін, шектелмейтін.
Адамдықтың шегінен аттап өтіп,
Құлқынның құлы болып кеткендеймін.
Сондықтан, өзімді-өзім қайта құрып.
Қарайын жан-жағыма мойын бұрып.
Көптен мүлде оқшаулап әкетіпті,
Тойымсыз құлқын құрғыр бермей ырық.
Біреу қарсы қараса қуыстанып,
Дуылдайтын болып жүр бетім жанып.
Өзімнен өзім үркіп тіксінемін,
Ту сыртымнан тұрғандай жұрт сұқтанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу