Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  106


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Имашқанға

Туысымсың, Имашқан.
Қолғанат бол, сыйласқан.
Тозып жүрген қазақтың,
Шашылғанын жинасқан.
Бабаң туған мекенін.
Жылап кеткен қимастан.
Орынына келіпсің,
Дәмі тартып қиғаштан.
Құшағымды ашайын,
Көкірегіме басайын.
Шаңырағын тапқан қандастан,
Қай жөнменен қашайын.
Жиырылмай кірпідей,
Бауырымды жазайын.
Тартып келдім өзім де,
Аздығымның сазайын.
Тіліңнен бал тамыздың,
Көзімнен жас ағыздың.
«Наз әнінде»: сазы жүр,
Бабам тартқан қобыздың.
Жатсынған сені жолығар,
Киесіне абыздың.
Көштің даусы көк жарар,
Үні шықпас жалғыздың.
Қылығын тізбе, өкпе ғып.
Қамшы батпас сағыздың.
Көсеуің болса қол күймес,
От көсесең сабы ұзын.
Қой асығы демейін,
Қолайлы алтын сақам бол.
Досқа – дархан, дұшпанға,
Босаң болма, қатаң бол.
Керегені кеңітіп,
Гүлденіп, нұрлы отан бол.
Ауырына арқа тос,
Арғымақ бол, атан бол.
Сан дауылда сықырлап,
Сынбай келген шаңырақтың,
Жел жағына бақан бол.
Айналайын Имашқан,
Ағалық ақыл, батам сол.
Алды-артымды ойласам,
Иманымды үйірем.
Сырттағы қалың туысты,
Келмеді-ау деп күйінем.
Тілеуін тілеп, асығын
Алшы түс деп иірем.
Қайырлы болсын мекенің,
Қолдасын мәңгі пір Иең.
Тобымды туыс молайтса,
Неге тұмсық шүйірем.
Сөкпе, көңілім жеткенге,
Жетпей жатса, дүнием...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу